Брюссельдегі форумда Дүниежүзілік түркі медиа қауымдастығы құрылды
Брюссельде 5-халықаралық түркітілдес журналистердің медиафорумы өтті.

Түркітілдес журналистер қоры ұйымдастырған басқосуға Қазақстан, Әзербайжан, Түркия мен Еуропа елдеріндегі түркітілдес БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлайды TuraNews.kz порталы Qazaqstan.tv-ке сілтеме жасап.
Форумда журналистер түркі әлемінің бірлігін нығайту, ортақ жобаларды жүзеге асыру мәселесін талқылады. 350 млн-нан астам түбі бір түркінің ақпараттық ағынға ықпалын арттыру үшін ортақ ақпарат алаңын қалыптастырып, өзара тәжірибе алмасу жайын қаузады. Шара барысында Дүниежүзілік түркі медиа қауымдастығы құрылып, оған Қазақстан мен Бельгия, Нидерланд, Франциядағы түркітілдес БАҚ мүшелікке қабылданды.
Қауымдастық өкілдері енді 18-19 қарашада Алматыда өтетін VI Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумында бас қосып, өзекті мәселелерді қозғамақ.