Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президентін Ақордада қарсы алды
Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевті қарсы алды. Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Осыдан кейін мәртебелі мейманның сапарына орай салтанатты рәсімдер залында сап түзеген құрмет қарауылының бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады, деп хабарлайды TuraNews.kz порталы Kazinform-ға сілтеме беріп.
Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді.
Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң Мемлекет басшылары құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді. Құрметті қарауыл бастығымен қоштасты.
Айта кетейік, қазіргі уақытта екі ел басшылары келіссөз жүргізіп жатыр. Одан кейін Қазақстан мен Әзербайжан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысы өтеді.
Кеше Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманды Астана әуежайынан күтіп алған еді.
Бұған дейін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында Kazinform агенттігіне эксклюзивті сұхбат беріп, екі ел арасындағы саяси диалогтің жоғары деңгейі, көлік-логистика мен мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамуы, сондай-ақ «жасыл» энергетика саласындағы бірлескен жұмыс пен Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы бастамалардың болашағы жайында айтып берді.