
Бұл өңір – әлемдегі ең көне неолит ескерткіштері шоғырланған «Taş Tepeler» («Тас төбелер») аймағы, оның құрамына әйгілі Гөбеклітепе мен Карахантепе ескерткіштері кіреді. Соңғы археологиялық қазбалар тарихқа деген түсінігімізді түбегейлі өзгертіп отыр. Карахантепеден алғаш рет адам беті бейнеленген Т-тәрізді тас баған табылды.
Бұған дейін Гөбеклітепе мен өзге де ескерткіштердегі бағандарда тек қол мен қолтық пішіндері кездесіп, олардың адам бейнесін білдіретіні болжанған еді. Ал бұл жаңалық – терең қашалған көздері мен айқын мұрын пішіні бар алғашқы нақты адам келбеті, неолит дәуіріндегі өнер мен сенімнің жаңа қырын көрсетеді.
Биылдың тағы бір сенсациялық табысы – әлемдегі ең көне үшөлшемді мифологиялық көрініс болып есептеледі. Қызыл топырақ қабатында арнайы ретпен көмілген бұл артефактілер көне адамдардың дүниетанымы мен символдық ойлау жүйесін паш етеді. Археологтар бұл табысты «Неолит дәуірінің ең ірі жаңалығы» деп атап отыр.
Taş Tepeler аймағының ең танымал нысаны – ЮНЕСКО тізіміне енген Гөбеклітепе. Мұндағы биік Т-тәрізді бағандар, табиғи көлемдегі қабан мүсіні және қабырғадағы адам бейнелері ежелгі дәуір рухын сезіндіріп, келушілерге ұмытылмас әсер қалдырады.
Шанлыурфаға келгенде міндетті түрде Түркиядағы ең ірі музей кешені – Шанлыурфа музейі мен оған іргелес Халеплибәхче мозайка музейіне де соғып өтіңіз. Мұнда қола дәуірінен бүгінге дейінгі жәдігерлер ретімен қойылған.
Бұл қала – жай ғана елдімекен емес, ашық аспан астындағы нағыз мұражай. Балıклıгөлдің киелі суына шомылып, Харранның күмбезді үйлерін аралап, жергілікті мәдениетке қанығыңыз. Ал мұндағы атақты «бауыр жая» таңғы асы мен дәмі тіл үйіретін «чиг кёфтесін» жемей, бұл қасиетті жерден қайтуға болмайды!
Қазір Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі жүргізіп жатқан «Taş Tepeler жобасы» аясында он нысанда археологиялық қазба жұмыстары жалғасуда. Гөбеклітепе, Карахантепе, Сайбурч, Сефертепе және басқа ескерткіштер жыл бойы туристерге ашық.
Бұл жерлерден табылған тас ыдыстар, жануар сүйектері, әшекейлер мен бедерлі мүсіндер – адамзат өркениетінің таңғы шапағын айқын көрсететін баға жетпес мұралар.