Қоғам

Әлемдік стандарттарға сай демалыс: ШҚО-да жаңа курорт пайда болады

Шығыс Қазақстан облысының Самар жағалауында, Бұқтырма су қоймасының бойында халықаралық деңгейдегі заманауи курорт салынатын болды. Бұл туралы Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов мәлімдеді.

Оның айтуынша, әйгілі «Pana Asia» қонақүй компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған.

– Достар, қуанышты жаңалықпен бөліскім келеді – біз әйгілі «Pana Asia» қонақүй компаниясымен меморандумға қол қойдық. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша туризмді дамыту бағытындағы жұмыстарымызды жалғастырып келеміз, – деді аудан әкімі. – «Pana Asia» – бутиктік қонақүйлер желісі «Pana Hotels» бренді аясында экожүйе қалыптастырып жатқан алғашқы отандық басқарушы компания. Қазірдің өзінде Алматы, Шымкент және тіпті Мәскеу қалаларында олардың қонақүйлері бар. Енді бұл тізімге Сарыбел де қосылады.

Жаңа қонақүйдің салынуы – өңірдің туристік және инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Самар жағалауында бой көтеретін курорт әлемдік стандарттарға сай болады деп күтілуде, ал халықаралық тәжірибесі бар компанияның қатысуы – жоғары деңгейлі сервистің кепілі.
Сонымен қатар, ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасына сәйкес, аудан аумағында Бұқтырма су қоймасының жағалауында заманауи серуендеу аймағын құруға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл бастама Самар жағалауының туристік әлеуетін одан әрі арттыра түседі.

Инвестициялық белсенділікті қолдау мақсатында аудан әкімдігі жанынан «Туризм және инвестициялар орталығы» КММ құрылды. Бұл жаңа орталық туризм, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларындағы жобаларды ілгерілетуге арналған маңызды алаңға айналмақ.

Билік өкілдері жағажай туризмін дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр – бірегей Самар жағалауы халықаралық бренд мәртебесіне ие болып, тек Қазақстаннан ғана емес, шетелден де туристер ағынын тартуы тиіс.

– Ауданымызға инвестиция салуға ниетті кәсіпкерлерді шақырамыз, – деді Серік Жеңісов. – Өңірді дамытуға үлес қосқысы келетін әрбір инвесторға жан-жақты қолдау көрсетіліп, жобалары толық сүйемелденетін болады.

Жаңа курорт іске қосылғаннан кейін Шығыс Қазақстан өзін әлемдік деңгейдегі демалыс стандарттарына сай перспективалы туристік бағыт ретінде танытуға мүмкіндік алады.

TuraNews

Back to top button