
Түркия Газа секторында Израиль мен ХАМАС арасында қол жеткізілген атысты тоқтату келісімінің орындалуын қадағалайтын жұмыс тобының құрамына қосылуға ниетті, деп хабарлайды Анадолу ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған мәлімдеді.
Түркия басшысы Газаға гуманитарлық көмекті жедел жеткізу, тұтқындар алмасу және Израильдің Палестина эксклавына жасаған шабуылдарын дереу тоқтатуды қамтамасыз етудің ерекше маңыздылығын атап өтті.
Түркия президенті Анкара халықаралық қауымдастықтың Газа секторын қалпына келтірудегі күш-жігерін белсенді түрде қолдайтынына сендірді.
Саясаткер Түркияның Газадағы атысты тоқтату келісімінің мүлтіксіз орындалуын жіті қадағалайтынын баса айтты.
— Түркия Газадағы геноцидті тез арада тоқтатуға және аймақта бейбітшілік орнатуға ұмтылады. Әлемде Газа халқынан артық бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақтылыққа ешкім лайық емес, — деді ол.
Еске сала кетсек, 10 қазанға қараған түні Израиль ХАМАС қозғалысымен Газа секторындағы келісімнің бірінші кезеңін ратификациялады.