Футболдан Катардағы әлем чемпионатының драмаға толы финалдық матчы аяқталды. Екі экстра-тайм мен пенальти сериясына жалғасқан финалдық ойын Аргентина құрамасының жеңісімен аяқталды, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі.
Ойын есебі Аргентина құрамасының капитаны Лионель Мессидің 23-минутта пенальтиде соққан голымен ашылған. Одан кейін 36-минутта ди Мария есепті 2:0-ге жеткізіп, Аргентинаның жеңіске деген мүмкіндігін ұлғайтқан. Алайда Франция құрамасының 22 жастағы шабуылшысы Килиан Мбаппе 80-минутта пенальтиден гол соғып, есеп айырмасын қысқартты. Ал араға 1 минут салып дәл осы Мбаппе дубль авторы атанып, таблодағы көрсеткішті теңестірді. Төрешілер екінші таймға 8 минут қосқан. Алайда бұл уақыт нәтижелі соққысыз өтіп, ойын экстра-таймға ұласты. Осы тұста Аргентина құрамасының 68-минутқа дейін өз қақпасына бірде-бір соққы жасатпағанын атап өті керек.
-
- Ойынның 109-минутында Лионель Месси дубль жасаса, 118-минутта франциялық шабуылшы Килиан Мбаппе хет-трик жасады. Осылайша, қосымша уақыт та тең нәтижемен аяқталып — 3:3, әлем чемпионы пенальти сериясында анықталды.
- 11 метрлік соққыларды бірінші болып Франция құрамасы орындай бастап, Мбаппе өз командасын алға шығарды. Бұл — Килиан Мбаппенің әлем чемпионаты финалында соққан төртінші голы. Бұған дейін мұндай жетістікке ешкім қол жеткізіп көрмеген. 22 жастағы франциялық шабуылшыға дейін бұл көрсеткіште Пеле көш бастап тұрған — 3 гол.
- Франция құрамасы ойыншыларының пенальти соққысын орындауда жолы болған жоқ. Эмилиано Мартинес Кингсли Команның соққысын кері қайтарса, Орельен Тчуаменидің соққысы қақпадан қисық кетті. Аргентинаның капитаны Лионель Месси, Лаутаро Мартинес, Леонардо Паредес пен Гонсало Монтьель Льористен айлаларын асыра білді. Осылайша, футболдан Аргентина ұлттық құрамасы араға 36 жыл салып әлем кубогының иегері атанды (3:3, 4:2 — пенальти).
- Осымен Аргентина үшінші рет әлем чемпионатының алтын алқасын иеленіп отыр. Бұған дейін ұлттық құрама 1978 және 1986 жылдары әлем кубогының иегері атанған. Ал соңғы рет Аргентина 2014 жылы әлем чемпионатының финалында Германиядан жеңіліп, алтыннан қол созым жерде қалған еді. Аргентина құрамасының нағыз көшбасшысы капитан Лионель Мессидің нағыз аңыз футболшыға айналуына себепші болды. Оңтүстік америкалық футболшы кәсіби мансабында барлық жүлдеге қол жеткізді. Ол осы әлем чемпионатының «Үздік ойыншысы» атанды.
Месси биылғы әлем біріншілігінің өз мансабындағы соңғы чемпионат екенін айтқан және әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйер даңқты футболшының әлем кубогын иеленгенін қалаған. Бүгін осы арман мен тілек ақиқатқа айналды. Месси — әлем кубогының иегері!
Финалдық матчтың алдында бүкіл әлем «Марадона Мессиді, Аргентина құрамасын аспаннан қолдап тұр» деген. Осы сөз шын болғандай…
Аргентина үшінші рет әлем чемпионы атанды, ал Месси, расымен, «G.O.A.T» — «Аңыз» ойыншысына айналды. Әлем чемпионаты тарихындағы драмаға толы финалдық матчы осындай тарихи нәтижемен аяқталды.