
2025 жылдың тамыз айының соңына қарай елдің 18 теңіз порты арқылы 1,5 миллионға жуық круиз жолаушысы қабылданды. Бұл бағыт бойынша Түркия әлемдік көшбасшылар қатарына нық еніп келеді, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бергі сегіз айда круиз кемелерінің келу саны 17%-ға өсіп, 878 сапарға жетті. Жалпы жолаушылар ағыны 2023 жылмен салыстырғанда 56%-ға артқан. Тек тамыз айының өзінде түрік порттары 357 мыңнан астам туристі қабылдап, айлық рекордты жаңартты.

Азия мен Еуропаны байланыстыратын 8 мың шақырымдық жағалауға ие Түркия Жерорта, Эгей және Қара теңіздеріндегі порттарымен халықаралық круиз компанияларының негізгі орталығына айналуда.
Бұрыннан танымал Ыстанбұл (Galataport) мен Кушадасы сияқты орталықтардан бөлек, Чанаккале (Троя тарихи орнына жақын), Синоп, Трабзон, Самсун және Мармарис сияқты жаңа бағыттар белсенді түрде дамып, туристерді қабылдай бастады.
Жыл соңына дейін круиз жолаушыларының жалпы саны 1,6 миллионнан асуы күтілуде.
Қазақстандық туристер арасында да Түркияға теңіз арқылы саяхаттауға деген қызығушылық күрт өсуде. Әсіресе, Ыстанбұл мен Измир порттарынан басталатын Жерорта теңізі бағыттары қазақстандық саяхатшылар үшін ең тартымды болып саналады.