ӘлемҚоғам

Мажарстанда жылдамдықты асырғандарға қатысты жаза күшейді

Мажарстанда жол қозғалысы ережелеріне жаңа өзгерістер енгізіліп, жылдамдықты асырған жүргізушілерге қатысты айыппұлдар айтарлықтай ұлғайды, деп жазды Азертадж.

«Индекс» басылымының дерегінше, Үкімет санкцияларды күшейтуді жолдардағы апаттардың артуымен және жүргізушілердің тәртібін жақсарту қажеттілігімен түсіндіреді.

Жаңартылған ережелерге сәйкес, айыппұлдың мөлшері енді рұқсат етілген жылдамдықты қаншалықты асыра бұзғанға байланысты болады. Енді айыппұл бұрынғыдан қымбат болады, ал жылдамдықты айтарлықтай асырған жүргізушілерге салынатын айыппұл бірнеше есеге артып отыр. Кейбір жағдайларда жүргізуші куәлігін уақытша алып қою да қарастырылған.

Қала мен елді мекендерде жол ережесін бұзғандарға ерекше көңіл аударылмақ. Себебі адам көп шоғырланған шаһарларда жол ережесіне қатысты құқық бұзушылық қауіпті деп саналады. Билік өкілдері атап өткендей, ауыр зардап әкелген жол апаттарының басым бөлігі қала мен ауылдарда тіркеледі.

Мажарстан полициясы құқық бұзушылықтарды тіркеу камераларын және мобильді патрульдерді белсенді қолдануға дайын екенін мәлімдеді. Ішкі істер министрлігінің өкілдері айтқандай, өзгерістердің мақсаты — айыппұлдар арқылы бюджетті толықтыру емес, апаттардың санын азайту және адамдардың өмірін сақтау.

Жергілікті сарапшылар бұл шаралардың бірнеше еуропа елдерінде тиімділігін көрсеткенін атап өтеді. Алайда, жүргізушілер жаңа ережелерге қаншалықты тез бейімделетіні және билік орындары жолдағы апаттардың айтарлықтай төмендеуіне қол жеткізе ала ма деген сұрақ әлі ашық күйде қалып отыр.

 

 

 

Via
Kazinform

TuraNews

Back to top button