
Тәжікстан парламентінің депутаты Дилноза Ахмадзода әлеуметтік желілерді пайдалану үшін жас шектеуін енгізуді ұсынды, деп хабарлайды ASIA-Plus.
Ол 14 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандарға әлеуметтік желілерге толық тыйым салуды, ал 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдерге – тек ата-анасының жазбаша келісімімен пайдалануға рұқсат беруді ұсынды.
Депутаттың пікірінше, интернет пен әлеуметтік желілерді шектен тыс пайдалану балалардың психикалық және рухани дамуына кері әсер етуі мүмкін.
Ол биыл ел үкіметі «Бала құқығын қорғау туралы» заңға жалған және зиянды ақпаратқа қатысты бірқатар өзгерістер енгізгенін атап өтті. Дегенмен, заңға балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануын бақылауға алуға мүмкіндік беретін қосымша түзетулер қажет екенін айтты.
Сарапшылар әлеуметтік желілерге толық тыйым салу мәселені шешпейтінін, бұл мәселеде сақтық пен жан-жақты тәсілдің қажет екенін алға тартады. Олардың пікірінше, жастарға цифрлық гигиена ережелерін үйрету, сыни ойлау қабілетін дамыту және ағартушылық жұмыстарды күшейту маңызды.