Ауқымды ғылыми жиынға Түркия, Татарстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген тарихшы, филолог ғалымдар қатысты, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Конференцияны Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков пен Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова ашты.
Жошы хан (шамамен 1187–1227 жж.) – Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы, қолбасшы әрі мемлекет қайраткері болды. Ол әкесінің батысқа жасаған жорықтарына белсене қатысып, Сібірден Еділ бойына дейінгі ұлан-ғайыр жерді бағындырды. Шыңғыс хан Жошыға империяның батыс бөлігін мұраға қалдырған. Кейін бұл ұлыс Жошы ұлысы аталып, Алтын Орданың негізін қалады.
Конференцияның алғашқы күні «Алтын Орда және Жошы ұлысы кезеңіндегі мемлекеттілік пен тарихи-мәдени процестер» атты секцияның жұмысына арналды.
Алғашқы баяндаманы онлайн режимде тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Берекет Бақытжанұлы Кәрібаев жасады.
Одан кейін PhD доктор, Жошы ұлысын зерттеу жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарихшы Жақсылық Сәбитов, биология ғылымдарының кандидаты, генетик Мақсат Жабагин, Түркиядан келген тарихшы, PhD доктор Серхан Чинар, Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Дөкей Әбдікерімұлы Тадеев баяндама жасады.
Секция жұмысы барысында сондай-ақ Альберт Рифгатович Асылгужин, Артем Александрович Порсин, Венгрия Ұлттық зерттеу институтының бас маманы, мүсінші-реставратор Эмесе Габор (онлайн), реставратор Татьяна Николаевна Крупа, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының доценті Маммадли Гюллю Йолоғлу кызы, Өзбекстан мәдениеттану және материалдық емес мәдени мұра институтының жас зерттеушісі Достон Хамидов баяндама жасады.
Конференцияға онлайн режимде Түркі академиясының ғылым бөлімінің аға сарапшысы Нәпіл Базылхан қосылып, сөз сөйледі.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Мәдени мұраны ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Әбдінұр Арғынбайұлы Нұсқабай өз баяндамасын ұсынды.