Ұлттық ұлан әскери қызметшісі халықаралық NAIZA 77 турнирінде жарқын жеңіске жетті!

Престижді NAIZA 77 турнирінде Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты №5518 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, Burkit Team клубының өкілі – Манарбек Әсембай жарқын жеңіске қол жеткізді. Ол қарсыласы Елшат Дауровты сенімді түрде ұтып, шеберліктің, рухтың күші мен жоғары спорттық дайындықтың үлгісін көрсетті.
Манарбек Әсембай 1992 жылдың 1 қазанында дүниеге келген. Балалық шағынан бастап спортпен айналысып келеді: 2005 жылдан бастап дзюдо мен қазақ күресі бойынша жарыстарға қатысқан, ал 2018 жылдан бері қол күрес пен жауынгерлік самбода бақ сынап жүр.
-ММА-ға биыл ғана шықтым. Бұған дейін әртүрлі жекпе-жек түрлерімен айналысып, тәжірибе жинақтадым. Енді өзімді октагонда сынап көруге бел будым– дейді спортшы.
Манарбектің айтуынша, спорт оған төзімділік, тәртіп пен сенімділік сыйлаған. Бұл қасиеттер әсіресе әскери қызметте аса маңызды. Бүгінде ол спорттағы мансабын әскери міндеттерімен қатар алып жүріп, жас сарбаздарға үлгі болып отыр.
NAIZA 77 турниріндегі жеңіс – жылдар бойғы еңбектің, табандылықтың және отбасы, бапкерлер мен қолбасшылықтың қолдауының жемісі.
Манарбек Әсембайдың жеңісі Ұлттық ұлан қатарында тек Отан қорғаушылар ғана емес, сондай-ақ өз жетістіктерімен шабыттандыратын нағыз чемпиондар да бар екенін дәлелдейді.