
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Үкімет отырысында өңірде алдағы жылыту маусымына дайындық бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Ол жалпы облыстың жылыту маусымына дайындыққа 36,6 млрд теңге бөлінгенін атап өтті. Жезқазған қаласының жылу-электр орталығында 2 қазандық пен 3 турбинада ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды, сондай-ақ 4 қазандық пен 1 турбинаға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Дайындық деңгейі – 74%. Жөндеуге 6,8 млрд теңге бөлінген.
«Облыстың жылу желілерін жөндеуге 8,1 млрд теңге бөлінді. 48 шақырым жылу желілері жөнделуде, оның ішінде қазіргі уақытта 32 шақырым бойынша жұмыстар аяқталды. Барлық жұмыстарды осы жылдың 15 қыркүйегіне дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», — деп атап өтті Дастан Рыспеков.
Айта кетейік, Ұлытау облысында 2025-2026 жылғы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жоспарлы түрде атқарылып жатыр. Қазіргі таңда дайындық деңгейі 65 пайызға жетті.
Биылғы жылы жылыту маусымына дайындыққа 36 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражаттың негізгі бөлігі тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды және инфрақұрылымды дайындауға бағытталуда.
Сонымен қатар, 1000 шақырымға жуық инженерлік желілерге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл өңір тұрғындарын үздіксіз әрі сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жөндеу жұмыстарының аясында:
• қазандықтар мен жылу қондырғылары жаңғыртылуда;
• көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі инженерлік жүйелері тексерілуде;
• әлеуметтік маңызы бар нысандарға (мектептер, балабақшалар, ауруханалар) ерекше назар аударылып отыр.
Жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Ұлытау облысы алдағы жылу беру маусымына уақытылы және толық дайын болады деп күтілуде.