Шығыс Қазақстан облысында өткен «Altai Invest-2025» халықаралық инвестициялық форумының қорытындысы әсерлі болды. Мұнда жалпы сомасы 740 млрд теңгені құрайтын 40 меморандумға қол қойылды. Бұл – өңірдің бірқатар стратегиялық саласын қамтитын рекордтық келісімдер топтамасы.
Энергетика: «жасыл болашаққа» қадам
Инвестициялардың негізгі бағыты – су энергетикасы жобалары. Олардың ішінде:
—Шемонаиха ауданындағы Уба өзенінде қуаты 200 МВт болатын екі СЭС салу (200 млрд теңге);
—Алтай ауданында қуаты 45 МВт болатын екі СЭС іске қосу (45 млрд теңге);
—Кіші Үлбі өзенінде қуаты 15 МВт болатын СЭС салу (15 млрд теңге).
Бұл жобалар өңірдегі «таза» энергия өндірісін айтарлықтай арттырып, жасыл экономикаға көшу жолындағы позицияны күшейтеді.
АӨК және аграрлық ғылым: алқаптан инновацияға дейін
Негізгі оқиға – жалпы құны 107,9 млрд теңгені құрайтын Қытай–Қазақстан жоғары стандартты ауыл шаруашылығы жерлері жобасына қол қойылуы болды. Бұған қоса, құрама жем зауыттарын салу, балық шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және заманауи суару жүйелерін енгізу жөнінде құжаттар бекітілді.
Бұл қадамдар азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, ШҚО аграрлық саласын жаңа деңгейге шығарады.
Көлік және инфрақұрылым: жаңа жолдар мен көпірлер
Инвесторлар ірі жол жобаларын қолдады:
—Өскемен қаласында Жаңа жол айрығы мен Ертіс үстінен көпір салу (115 млрд теңге);
—Марқакөл ауданында жол учаскесін салу (62,1 млрд теңге).
Бұл жобалар өңірдің көлік қолжетімділігін арттырып, бизнес пен туризм үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Туризм: табиғи әлеуетке басымдық
ШҚО ішкі және халықаралық туризмді дамытуға баса назар аударуда. Форум аясында Сібе көлдері, сондай-ақ Катонқарағай, Күршім және Алтай аудандарында инфрақұрылымды салу және жаңғырту бойынша келісімдер жасалды.
Туризм саласына тартылатын жалпы инвестиция көлемі 25 млрд теңгеден асады.
Өнеркәсіп: жаңғыртудан жаңа өндірістерге дейін
Қол қойылған құжаттар қатарында өңірдің өнеркәсіптік дамуына серпін беретін жобалар бар:
—ДСП өндіретін зауытты жаңғырту (2,6 млрд теңге);
—мырыш құрамды қожды қайта өңдеу (13 млрд теңге);
—ет комбинатын салу (5 млрд теңге);
—құрылыс материалдарын шығару және Глубокое ауданында кеме жасау өндірісі (500 млн теңге).
Білім және ғылым: Қытаймен синергия
Ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінді. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ, «Адам AGRO QAZAQSTAN» ЖШС және Шаньдун провинциясының ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы арасында меморандумға қол қойылды.
Бұл серіктестік ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізуге және ғылыми кадрларды дамытуға жол ашады.
Қол қойылған меморандумдар өңірде ондаған жобаны іске қосуға негіз болады. Олар жаңа жұмыс орындарын ашып, заманауи технологияларды енгізіп, инвестиция тартуға және халықаралық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.
«Altai Invest – 2025» Шығыс Қазақстанның инвесторлар үшін ашық көкжиектер мен зор мүмкіндіктер мекені екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.