Өскемен қаласының тұрғындары Шемонаиха ауданының фермерлерінен тиімді бағамен өнім сатып алды
Бүгін Өскемен қаласындағы «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығында дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті.
Күзгі маусымды Шемонаиха ауданы ашты. Сауда алаңына аудан кәсіпорындары мен жеке кәсіпкерлері өндірген экологиялық таза өнімдер жеткізілді. Жалпы өнім көлемі екі тоннадан асты.
Жәрмеңкеде тазартылған күнбағыс майы, жаңа піскен көкөніс пен жеміс-жидек, бал, сүт және қышқыл сүт өнімдері, нан-тоқаш тағамдары, сондай-ақ жармалар – қарақұмық, бұршақ, арпа сатылды. Қала тұрғындары қолжетімді бағамен әртүрлі тұздықтар, тосап пен консервілер де сатып алды.
Мұндай жәрмеңкелердің басты артықшылығы – азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету және халыққа өнімді делдалсыз сатып алуға мүмкіндік беру. Нарықтағы бағамен салыстырғанда мұнда тауарлар әлдеқайда арзан ұсынылды.
– Жалпы әкелінген өнім көлемі шамамен екі тоннаға жуықтады. Барлық тауар – біздің фермерлердің өнімі. Бағалар қолжетімді. Мысалы, базарда еттің бір келісі 4500 теңге тұрса, жәрмеңкеде сиыр, қой, жылқы еті мен басқа да өнімдерді 3700–3800 теңгеден алуға болады. Сондай-ақ қазы мен шұжық өнімдері де жеткілікті. Басты мақсатымыз – қала тұрғындарын сапалы әрі табиғи өнімдермен төмен бағамен қамтамасыз ету, – деді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Махмутов.
«Вавилон» ауылдық округінің әкімі Айнаш Ожыкенова да баға саясатының тиімділігін атап өтті. Атап айтқанда, картоп пен қызылшаның келісі – 200 теңге, пияз – 140 теңге, қарақұмық – 220 теңге, бұршақ – 200 теңге, арпа – 150 теңгеден сатылды.
Жәрмеңкеге келген өскемендіктердің де көңіл-күйі көтеріңкі болды. Қала тұрғыны Адиль Алимханов ет пен май алу үшін анасының айтуымен келгенін жеткізді.
– Бағалардың қолжетімділігі қатты қуантты. Оған қоса, Шемонаиха өнерпаздары концерт қойып, жәрмеңкені нағыз мерекеге айналдырды, – деді ол.
Ал Тараздан келген қонақтар Ерлан жұбайымен бірге мұндай бастамалардың маңызын ерекше атап өтті.
– Қыркүйек айының басында бұл орталық ашылғанда да келіп едік. Қала тұрғындарының ауыл шаруашылығы өнімін делдалсыз әрі арзан бағамен сатып алу мүмкіндігі бар екеніне қуаныштымыз. Сауда орталығы кең, сатып алуға ыңғайлы, жанында автобус аялдамалары бар. Мұндай тұрғындарға пайдалы жобалар – оң қадам, – деді тараздық қонақ Ерлан.
Осындай шаралар нарықтағы баға саясатын тұрақтандырудың нақты тетігіне айналуда. Себебі делдалсыз сауда арқылы тұтынушылар табиғи өнімді қолжетімді бағамен алады, ал ауыл шаруашылығы өндірушілері өз өнімін тікелей өткізуге мүмкіндік табады. Бұл – ауыл мен қаланың тиімді әріптестігін нығайтудың әрі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды жолы.