Энергетикалық тәуелсіздікке жол: Түркия отандық ядролық реакторларын жасайтын ұлттық бағдарлама бастады
Түркия «Ұлттық технологиялық серпіліс» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеке ядролық реакторларын құру жобасын бастады. Бұл туралы елдің Өнеркәсіп және технологиялар министрі Мехмет Фатих Каджыр мәлімдеді.

Түрік министрінің айтуынша, жобаның мақсаты – жасанды интеллект, қорғаныс өнеркәсібі, химия және металлургия сияқты стратегиялық маңызды салаларды тұрақты, көміртегісіз және үздіксіз энергиямен қамтамасыз ету. Отандық ядролық технологияларды дамыту елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, технологиялық егемендігін арттыруы тиіс.
Каджыр «Біз ядролық энергетикада өзіндік жол салып жатырмыз. Бұл тек энергетика мәселесі емес, бұл – тәуелсіздік, технологиялық қуат және тұрақты даму мәселесі», — деп атап өтті.
Жаңа бағдарлама аясында зерттеу орталықтарын құру, кадр дайындау, өнеркәсіптік базаны дамыту және қауіпсіздік пен экология саласында озық шешімдерді енгізу жоспарланған. Жобаны дамытуға мемлекеттік құрылымдармен қатар, жеке сектор, соның ішінде университеттер мен технологиялық стартаптар да қатысады деп күтілуде.
Қазіргі уақытта Түркия Ресейдің қатысуымен елдегі тұңғыш «Аккую» атом электр стансасының жобасын жүзеге асырып жатыр.