
2025 жылғы 26–28 қыркүйек күндері Алматы қаласында Орталық Азия елдерінің «Органик ЭКСПО-2025» өңірлік форумы өтеді. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті және «Органик ЭКСПО-2025» ұйымдастыру комитеті ұйымдастырады, деп жазады BasAgro.kz.
Форум тұрақты және органикалық ауыл шаруашылығын дамыту, экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізу, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылауға арналған алаңға айналады.
Негізгі тақырыптар қатарында:
•ауылдық аумақтарды дамыту үшін органикалық және регенеративті ауыл шаруашылығын қолдау;
•фермерлер үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер құру және «жасыл экономика» дамыту;
•табиғатты сақтайтын технологияларды енгізу;
•биоалуантүрлілікті сақтау және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру;
•агросектордағы көміртек ізін азайту және «жасыл» қаржыландыру тетіктерін дамыту.
Сонымен қатар қатысушылар жастар мен жас мамандарды білім беру бағдарламалары арқылы қолдау, инновациялар мен ғылыми әзірлемелерді тарту, өңірдің экологиялық және климаттық сын-қатерлерін азайту үшін халықаралық әріптестікті нығайту мәселелерін талқылайды.
Форум бағдарламасында мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, ғалымдар, бизнес және азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен пленарлық отырыс, тақырыптық бағыттар бойынша секциялық мәжілістер өтеді.
Сонымен бірге Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында органикалық өнім өндірушілерімен кездесулер, Organic Village фермасында (Алмалыбақ және Береке ауылдары) шеберлік сабақтары, сондай-ақ Caspian University алдындағы алаңда органикалық өнімдердің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылады.
Форумның басты оқиғаларының бірі – «Органик Караван», онда қолөнершілер, фермерлер, кәсіпкерлер және шығармашылық қауымдастықтар тәжірибе алмасып, іскерлік байланыстар орната алады.
Бағдарлама аясында Алматы облысындағы сертификатталған органикалық фермаға сапар ұйымдастырылып, тұрақты ауыл шаруашылығының үздік тәжірибелері мен жаңа технологиялары ұсынылады.
Тіркеу: [forms.gle/7Xvhfs7vrySoFye79] (https://forms.gle/7Xvhfs7vrySoFye79)
Ресми сайт: [organicforum.ca](https://organicforum.ca/)