МәдениетТуризм

Аспендос фестивалі: әлемдік опера жұлдыздары 2 мың жылдық сахнада

Түркиядағы көне Аспендос амфитеатрының сахнасында әлемдік опера өнерінің жұлдыздары жарқырайды.

Биыл 32-ші рет ұйымдастырылып отырған Халықаралық опера және балет фестивалі 14 қыркүйек пен 1 қазан аралығында өтеді. Екі мың жыл бұрын Рим көрермендерінің қошеметіне бөленген бұл тарихи орын бүгінде әлемдік деңгейдегі өнер сахнасына айналып, классикалық музыка мен биге арналған ерекше алаңға айналды.

Фестиваль аясында опера сүйер қауым әлемдік деңгейдегі қойылымдарды тамашалай алады. Мәселен, аталған шара Пуччинидің «Турандот» операсымен ашылады, онда италиялық тенор Риккардо Масси мен ресейлік сопрано Ольга Маслова басты рөлдерді сомдайды. Кейінірек, 27 қыркүйекте атақты тенор Иван Мари «Тоска» операсын орындайды, ал фестивальдің соңғы күні, 1 қазанда, Өзбекстанның Алишер Навои атындағы Үлкен опера және балет театрының ұжымы Вердидің «Травиатасымен» көрермендермен қоштасады.

Опера қойылымдарынан бөлек, фестиваль бағдарламасы би өнерінің үздік үлгілерімен де толықтырылған. Соның ішінде 17 қыркүйекте грек мәдениетінің символына айналған сиртаки биімен аяқталатын «Зорба» қойылымы, 20 қыркүйекте Чайковскийдің классикалық «Аққу көлі» балеті және 24 қыркүйекте испан мәдениетін дәріптейтін «Дон Кихот» балеті көрермендер назарына ұсынылады.

Б.з. ІІ ғасырында салынған Аспендос театры – тек Түркияда ғана емес, бүкіл әлемде ең жақсы сақталған Рим амфитеатрларының бірі. 15 мың көрерменді сыйдыра алатын бұл ғимараттың таңғажайып акустикасы арқасында, қойылымдар кезінде микрофон қолданудың қажеті жоқ. Сахнадағы әрбір үн, әрбір әуен табиғи күйінде залдың ең шеткі нүктесіне дейін емін-еркін жетеді.

Жыл сайын миллиондаған туристі қабылдайтын Анталия қаласының бұл шараны ұйымдастыруы туристік әлеуетін арттыра түседі. Қала өзінің әсем жағажайлары мен табиғатынан бөлек, ежелгі қалалар мен «Түнгі мұражайлар» сияқты мәдени жобалар арқылы да саяхатшыларды тартуда.

Фестиваль қойылымдары кешкі сағат 21:00-де басталады.

Билеттерді www.operabale.gov.tr, www.biletinial.com сайттарынан сатып алуға болады.

 

TuraNews

Back to top button