Жолдау — 2025: медициналық көмек сапасын басқарудың кешенді жоспары әзірленеді
Медициналық қызметтің сапасы мен көлемін және ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жаңа жоспар дайындалады.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлім етті.
— Президенттің медициналық қызмет сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізудің жаңа жүйесін құру жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында медициналық көмектің сапасын басқару жүйесін жетілдірудің кешенді жоспарын әзірлейміз. Медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесіне жасанды интеллект, медициналық ұйымдардың лицензиядан кейінгі және аккредиттеуден кейінгі мониторингі енгізіледі. Сонымен қатар заңнамалық деңгейде медициналық қызметке лицензия мерзімін енгізу мәселесі пысықталады, — деді Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында.
Министрдің мәлімдеуінше, аталған іс-шаралар медициналық қызметтің ашықтығы мен шынайылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
— Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында дәрігер мәртебесі мен әлеуметтік жағдайын арттыру бағытында министрлік облыс әкімдеріне «Отбасы банкпен» бірлесіп, 2026 жылы әсіресе кадр тапшылығы өте жоғары өңірлерде дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету ұсынады. Сонымен қатар, «Қазақтелекоммен» және жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін қаматмасыз ету мақсатында, 2100 жедел жәрдем бригадалары және 644 стационардың қабылдау бөлмелері видеобақылаумен қамтамсыз етіледі. Осылайша Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақтылы және сапалы орындау үшін жан-жақты шаралар қабылданады, — деп түсіндірді ведомство басшысы.
Үкімет басшысы Жолдауда жүктелген тапсырмаларды орындау мақсатында құзырлы органдарға 10 нақты тапсырма жүктеді.