
— Президент Жолдауда жаңа инновациялық және инфрақұрылымдық өзгерістерді айқындап берді. Қойылған міндеттерді шешу үшін, ең алдымен, елімізге тартылатын инвестициялар ағынын арттыру керек. Мемлекет басшысы жаңа инвестициялық кезеңді бастау қажеттігін атап өтті. Сондықтан біз өте қысқа (он күн) мерзімде инвесторлармен бірыңғай өзара іс-қимыл тетігін құрып, инвестиция тарту жүйесін түбегейлі жаңартуымыз керек. Инвестициялар аясында тартылған әрбір теңге нормативтік актілермен және оңтайлы тәжірибемен бекітілген мықты кепілдіктермен қорғалуға тиіс, — деді ол бүгінгі Үкімет отырысында.
Сондай-ақ, Олжас Бектенов экономикалық блок бойынша мынадай 10 негізгі іс-шараны жүзеге асыруды тапсырды:
1. Президент мемлекеттік секторды реформалау бағытында нақты ұсыныстар дайындауды тапсырды. Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттің экономикадағы үлесінің нақты шегін және басқаруға қойылатын құқықтық талаптарды заңнамалық тұрғыдан бекітуге тиіс. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері қаражатты уақтылы игеруді қамтамасыз етуі қажет. Қаржылық тәртіпті күшейтіп, бекітілген бюджет параметрлерін қатаң сақтау және әрбір теңгені барынша тиімді пайдалануға күш салу керек.
2. Президент бизнесті шектен тыс тексерістерден қорғау үшін Міндетті талаптар тізілімінің маңыздылығын атап өтті.
Ұлттық экономика министрлігі Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірге Интеллект арқылы реттеу орталығының құрылуын ескере отырып, Міндетті талаптар тізілімін толыққанды енгізуді қамтамасыз етсін. Сондай-ақ нормативтік актілерге ревизия жүргізіп, олардың Кәсіпкерлік кодексіне сәйкестігін анықтау қажет. Шағын және орта бизнесті қорғау мен ынталандыру басты орынға қойылуы керек.
3. Өздеріңіз білетіндей, бағаның тұрақсыз болуы инфляция деңгейіне әсерін тигізеді. Біз оны жыл соңына дейін 11%-дан пайыздан аспайтын деңгейде ұстап тұру мүмкіндігін көріп отырмыз. Ұлттық экономика министрлігіне Ұлттық банкпен, әкімдіктермен, Ауыл шаруашылығы, Сауда, Өнеркәсіп, Энергетика министрліктерімен, сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірге Инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырамын.
4. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында жасанды интеллектіні қолдана отырып, салық төлеушіні сервистік сүйемелдеу тетігін енгізу жоспарлануда. Қаржы министрлігі Цифрландыру министрлігімен бірге Мемлекеттік кірістер комитетінің Деректерді өңдеу орталығын құруды қамтамасыз етсін. Цифрландыру министрлігі салық және кедендік әкімшілендіру қызметтерін көрсету үшін аталған орталықты жасанды интеллектіге қатысты қажетті ресурстармен қамтамасыз етсін.
5. Мемлекет басшысы шекарадағы өткізу пункттерінің инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударады. Олар көлік-логистикалық кешенді дамытудың маңызды элементі болып табылады.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекарасындағы өткізу пункттерінде өту уақыты 2 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарды. Үкімет шекарадан өту рәсімдерінің барлығын жетілдіру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады. Өткізу пукттерінде жылдамдық пен жайлылық стандартқа айналуға тиіс. Қаржы министрлігіне Көлік министрлігімен, әкімдіктермен және Шекара қызметімен бірге жыл соңына дейін Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекарасындағы 8 өткізу пунктін жаңғыртуды аяқтауды тапсырамын. Сонымен қатар кеден бекеттерінің айналасындағы инфрақұрылымды – қоймалар мен сервистік нысандарды дамыту қажет.
Тауарларды сақтау, сұрыптау, тасымалдау және цифрлық сервистерге инвестиция салуға дайын инвесторлар қазірдің өзінде бар. Қаржы министрлігі Көлік, Ауыл шаруашылығы, Цифрландыру министрліктерімен, Шекара қызметімен және әкімдіктермен бірге осы инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты шаралар қабылдасын. Атқарылған жұмыстар туралы есепті биылғы қазан айының соңына енгізіңіздер.
6. Технологиялар мен құзыреттер бере алатын және жаңа нарықтарға жол ашатын ірі инвесторларды іздеп, оларды елге тарту жұмысын күшейту қажет.
Алайда орнықты инвестициялық модель дегенімізді орта және шағын инвесторлармен жүйелі жұмыс істеу деп түсінуіміз қажет, олар бәсекелес орта қалыптастырып, өңірлерде жұмыс орындарын қамтамасыз етеді.
«Инвестицияға тапсырыс» тетігін жетілдірудің маңызы зор, ол жаңа буынның ғылымды көп қажет ететін өндірістерін құрудың қозғаушы күшіне айналуы керек.
Ұлттық экономика министрлігі Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, инвестиция тарту жүйесін түбегейлі жаңарту жөніндегі іс-қимыл жоспарын дайындауға дереу кіріссін.
7. Өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тартуға ерекше назар аудару керек.
Терең өңделген, жоғары технологиялық өнімдер өндірісін қолдау үшін жаңа тәсілдер мен ынталандыру шараларын қарастырған жөн.
Ұлттық экономика министрлігі екі апта мерзімде салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, қосылған құны жоғары өнім өндіру жөніндегі жобаларға инвестиция тарту шараларын әзірлесін. Қажет болса, преференциялардың жаңа түрлерін қарастырсын.
8. Мемлекет басшысы цифрлық теңгенің қолданылу аясын кеңейтуді тапсырды.
Өздеріңіз білетіндей, кейбір өңірлерде цифрлық теңгені пайдалану бойынша пилоттық жобалар іске асырылуда. Бұл мәселе менің тікелей бақылауымда.
Қаржылық шығыстардың ашықтығын және оны қадағалауды қамтамасыз ету үшін біз цифрлық теңге қолданылатын жобалардың санын ұлғайтуды көздеп отырмыз.
Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары цифрлық теңге құралын пайдалану арқылы бюджет, Ұлттық қор есебінен қаржы бағытталатын салаларды кеңейту, сондай-ақ жобаларды ұлғайту бойынша түбегейлі шараларды қабылдасын.
9. Мемлекет басшысы Алатау қаласы мен оның ерекше мәртебесіне айрықша назар аударды.
Ұлттық экономика министрлігі Үкіметке тікелей бағынатындай етіп, «Алатау қаласы туралы» Президент Жарлығының жобасын 5 күн мерзімде пысықтап, Үкімет Аппаратына енгізсін.
Сондай-ақ Алатау қаласының құқықтық режиміне және оны басқаруға қатысты заңнамалық актілердің жобаларын үш ай мерзімде әзірлесін.
Цифрлық даму министрлігі бір ай мерзімде үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, «Ақылды қалалар» тұжырымдамасын кеңінен тарату бойынша іс-шараларды әзірлесін.
10. Ұлттық экономика министрлігі жыл соңына дейін өңірлер экономикасының өсуін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың функциялары мен өкілеттіктерін кеңейтіп, оларды даму институттарына айналдыруды көздейтін заңнамалық түзетулер жобасын Үкімет Аппаратына енгізсін.