
«Зорлық-зомбылыққа, әлімжетікке, яғни буллингке, қатігездік пен озбырлыққа мүлде жол берілмеуі керек.
Соңғы екі жылда өскелең ұрпақтың құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылданды. Атап айтқанда, кәмелет жасына толмағандарға қатысты жасалған кез келген зорлық-зомбылық үшін берілетін жаза қатайды, бала құқықтары жөніндегі уәкілдің құзіреті кеңейді.
Сондай-ақ тағы бір өзекті мәселе. Балалардың өз-өзіне қол жұмсау жағдайларының, яғни суицидтің алдын алу бойынша жүйелі жұмыс істеліп жатыр. Еліміздегі барлық мектепте «111» психологиялық қолдау қызметінің QR-коды орнатылды.
Жаңа оқу жылынан бастап мектептер мен колледждерде әлімжеттікке, буллингке қарсы «ДосболLIKE» атты бағдарлама іске қосылады. Негізгі мақсат – балалар мен жеткіншектер арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу. Бұл бағыттағы маңызды жұмыс тоқтамайды, жасөспірімдердің құқығы мен мүддесін қорғау мәселесі әрдайым мемлекет назарында болады.
«Не ексең, соны орасың» деген. Қазір біз бір қоғам болып жас ұрпақтың бойына қандай құндылықтарды сіңірсек, ертең ондаған жылдан кейін ұлтымыздың сапасы да сондай болмақ. Әділетті, Озық, Таза, Қауіпсіз және Қуатты Қазақстанның іргесі мектепте қаланады».