Марк Аврелий мүсіні 65 жылдан кейін Түркияға оралды
Түркияның мәдени мұраны қорғау мен қайтаруға бағытталған табанды жұмысы тағы бір жемісін берді. 65 жылдан кейін Рим императоры Марк Аврелийдің қола мүсіні отанына – Бурдур облысындағы ежелгі Бубон қаласынан шыққан тарихи туынды – қайта оралды.

Мүсін 1960-жылдары заңсыз қазба жұмыстары арқылы шетелге әкетілген болатын. Кейін АҚШ-тың Огайо штатындағы Кливленд өнер мұражайының коллекциясына түскен. Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі, Манхэттен прокурорының кеңсесі және АҚШ Ішкі қауіпсіздік қызметімен бірлескен ұзақ зерттеу мен құқықтық әрекеттер нәтижесінде тарихи жәдігер 2025 жылы Түркияға қайтарылды.
Мүсіннің нақты шығу тегін алғаш анықтаған – Түркияның тұңғыш әйел археологы, профессор Жале Ынан. Оның еңбегі Түркия тарапынан ресми тергеу жүргізуге негіз болды. Археологиялық дәлелдер мен ғылыми сараптамалар нәтижесінде, мүсіннің Бурдурдағы Севастейон ғимаратында тұрғаны дәлелденді.
2024 жылы жүргізілген ғылыми сынақтарда мүсіннің топырақ үлгілері мен табаны Бубондағы қола мүсіндердің негіздерімен дәл сәйкес келген. Сараптаманы Германиядағы Curt Engelhorn Археометрия орталығының профессоры Эрнст Перника жүргізді.
Кливленд мұражайы алғашқыда мүсіннің қайтарылуына қарсы шығып, оны Бубонмен байланыстыруға қатысты сотқа шағым түсірген еді. Алайда, түрік және америкалық сарапшылардың бірлесіп жүргізген ғылыми сараптамалары мен археологиялық дәлелдер бұл байланысты айқын көрсеткеннен кейін, мұражай өз ұстанымын өзгертіп, мүсінді Түркияға қайтаруға келісті. Ресми мәлімдемесінде мұражай Түркия мен америкалық құқық қорғау органдарымен арадағы сындарлы әрі ғылыми негіздегі ынтымақтастықты жоғары бағалады.
Осы орайда, Түркияның мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой бұл тарихи қайтарымды «тарихи табыс» деп атап, бұл үдерістің ғылым, құқық және дипломатияның біріккен күш-жігерінің нәтижесі екенін жеткізді.
Марк Аврелий мүсінінің қайтарылуы – Түркияның шетелге заңсыз әкетілген мәдени құндылықтарды елге әкелу жолындағы ірі жеңістерінің бірі. Бұл жұмыс «Болашаққа мұра» жобасы аясында жүргізіліп жатыр. Ел көлемінде жыл бойы археологиялық қазба жұмыстары жалғасып, 2026 жылға дейін 800-ге жуық зерттеу жобасын іске асыру көзделген.