Қоғам
Trending

Түркия 15 шілдені қалай еске алады: Анкарадан репортаж

2016 жылы 15 шілдеге қараған түні Түркия тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі болды. Әскери төңкеріс жасау әрекеті елді дүр сілкіндіріп, жүздеген адамның өмірін қиды, мыңдаған адам жарақат алды. Сол түнде көз жұмғандарды еске алу үшін бұл күн елде Демократия және ұлттық бірлік күні ретінде бекітілді. 2025 жылы Түркия бұл күнді қалай атап өтті? TuraNews.kz тілшісі Анкарадан баяндады.

ашық дереккөз

Сол бір түннің хроникасы

2016 жылдың 15 шілдесінде бір топ әскери қызметкер елдегі билікті күшпен құлатуға тырысты. Стамбұлдағы Босфор көпіріне танктер қойылып, Анкарадағы парламент, президент сарайы, мемлекеттік телеарна шабуылға ұшырады. TRT телеарнасының дикторы бүлікшілердің мәлімдемесін автоматтың ұшында отырып оқыды.

Президент Режеп Тайып Ердоған ол кезде Мармаристе демалыста болған. Бүлікшілер оның қонақ үйіне шабуыл жасағанымен, президент сәл бұрын кетіп үлгерген. Түн ортасында Ердоған жеке телеарнаға бейнеқоңырау арқылы шығып, халықты көшеге шығуға шақырды.

©turanews.kz

Халық пен полицияның қарсылығы

Көтерілісті басуда шешуші рөлді полиция мен қарапайым халық атқарды. Көптеген қалада тұрғындар көшеге шығып, танкілердің жолын бөгеді. Полиция Анкарадағы парламент пен мемлекеттік мекемелерді қорғай отырып, әуе соққыларына ұшырады. Түрік армиясының бірқатар басшылары бүлікке қатысудан бас тартып, сарбаздарды казармаға оралуға шақырды.

©turanews.kz

Қаза тапқандар мен сот шешімдері

Екі күн ішінде 250-ден астам адам қаза тауып, 2200-ге жуық адам жараланды. Құрбандар қатарында – бейбіт тұрғындар, полиция өкілдері мен антқа адал офицерлер болды. Көптеген адамға мемлекеттік марапаттар берілді.

Мемлекет ауқымды тергеу жұмыстарын жүргізіп, бірнеше ай ішінде мыңдаған адам қамауға алынды. 2020 жылы ең ірі сот үкімі шықты: 337 адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Жалпы алғанда, 500-ге жуық адам сот алдында жауап берді, олардың арасында 25 генерал болды.

©turanews.kz

Анкарадағы есте қалдыру шаралары

2025 жылы Түркия 15 шілде оқиғасының 9 жылдығын атап өтті. Президент Ердоған парламентте сөйлеп, халықтың сол түні көрсеткен ерлігіне алғыс айтты. Анкарадағы Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің ғимаратында 2016 жылғы оқиғалардан қалған оқ іздері мен снаряд іздері әлі де сақтаулы тұр. Арнайы залда құрбандардың суреттері, хронология және гүл шоқтары қойылған.

©turanews.kz

Демократия мұражайы

Президент сарайының жанында орналасқан 15 шілде демократия мұражайы – сол түннің естеліктерін сақтайтын ерекше орын. Мұнда мультимедиялық экспозициялар, хроника, сол күнгі жаңалықтардың баспасөз беттері мен видеолар қойылған. Соңғы залда — ел болашағын бейнелейтін ағаш пен Түркия азаматтарының мүсіндері орналасқан.

©turanews.kz

Бұл оқиға Түркия үшін ең күрделі кезеңдердің бірі болды. Бұрын төңкерістер көбіне зайырлы құндылықтарды қорғау ұранымен өтсе, 2016 жылы алғаш рет кінә Фетхуллах Гүленнің «Хизмет» қозғалысына тағылды. Осы оқиғадан кейін мемлекеттік органдар мен ақпарат құралдарында ауқымды тазарту жұмыстары жүргізілді.

Осы қиын кезеңге қарамастан, Түркиядағы жергілікті басқару жүйесі мен Ататүрік негізін қалаған институттар елдегі тұрақтылықтың кепілі болып қала берді.

©turanews.kz
©turanews.kz

TuraNews

Back to top button