Абай ауданында 180 жылдық мерейтой аясында бірқатар нысандар жаңғыртылуда

Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай Абай ауданында мәдени және спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы аудан әкімі Мейіржан Смағұлов мәлімдеді.
Атап айтқанда, қазіргі уақытта «Абай саябағы», «Абай алаңы», Қарауыл төбедегі ипподром, Орталық стадион, аудандық Мәдениет үйі және «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы қайта жаңғыртылып, алдағы ауқымды іс-шараларға дайындық қарқыны күшейтілуде. Аталған нысандар мерекелік бағдарламаның негізгі орталықтары ретінде белгіленген.
– Негізгі фестиваль 8 тамыз күні Абай саябағында ашылады. Сол күні дәл осы алаңда «Сұлу әйел» және «Ер жігіт» байқауларының кезеңдері өтеді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 8–10 тамыз аралығында өңірлерден келетін қонақтарға арнап этнографиялық бағыттағы қазақ үйлер мен шағын музейлер жұмыс істейді. Ал садақ ату сайысы 400 орындық Орталық стадионда өтсе, республикалық деңгейдегі «Ілім-Білім» зияткерлік байқауы аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылады, – деді аудан әкімі.
Бұдан бөлек, ұлттық ат спорты ойындары мен бәйгелер өтетін Қарауыл төбеде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес инженерлік инфрақұрылым жаңартылуда. Атап айтқанда, су және жарық жүйелері тартылып, санитарлық талаптарға сай қосымша модульдік әжетханалар, қоқыс жәшіктері мен өзге де қажетті нысандар орнатылып жатыр.