Kazakhstan Open 2025 халықаралық турнирі осымен сегізінші рет ұйымдастырылып отыр. WKF ережелері бойынша өткен жарысқа 6 елден 700-800 спортшы қатысты: Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Қазақстан және бейтарап мәртебедегі командалар қатарында Ресей Федерациясының өкілдері болды.
Жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен үздік каратэшілермен қатар, «AUYL SPORT» жобасының Республикалық кезеңінде топ жарған ауыл балалары да қатысып, өз шеберліктерін паш етті. Бұл – ауыл жастары үшін үлкен спорттағы алғашқы қадам ғана емес, халықаралық аренаға шығудың нағыз мүмкіндігі болды.
Жетістіктер де назардан тыс қалмады:
Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Қызылсай ауылынан 14 жастағы Матжан Мәдениет 52 кг салмақта өнер көрсетіп, күміс медаль иеленді.
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылынан Анищенко Захар 60 кг салмақта қола медаль жеңіп алды.
– Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды! Ауыл спорт жобасының арқасында балаларымыз ел аралап, жер көріп, осындай ауқымды жарыстарға қатысып жүр. Бұл – олар үшін орасан мүмкіндік. Біз мұны үлкен бастама деп санаймыз. Балалар әлі талай жеңіске жететініне сенімдімін. Алдағы уақытта дайындықты күшейтіп, бұдан да жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз, – дейді жаттықтырушы Ерлан Сәрсенов.
«AUYL SPORT» жобасы атынан бұл додаға 6 ауыл баласы қатысты. Олардың елордаға келіп, байрақты бәсекеге қатысуына Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қайырымдылық қоры толықтай қолдау білдірді – жол, тамақ, жатын орын мен киімге дейінгі барлық шығынды өз мойнына алды.
– Ауыл балаларына демеу болу «Auyl sport» жобасының басты мақсаты! Бұл жоба арқылы біз тек спорттағы жолдарын ашып қана қоймай, ел абыройын асқақтататын болашақ Олимпиада жұлдыздарын өсіріп келеміз. Алда бұл бастама кеңейіп, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ауыл жастары үлкен додаларда өз бақтарын сынап, жеңіс тұғырынан көрінетініне сенеміз, – дейді «Halyk» қайырымдылық қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Айта кетейік, Kazakhstan Open 2025 – Қазақстан ұлттық құрамасы үшін рейтингілік турнир. Жарыс қорытындысы бойынша жастар құрамасы жасақталып, қыркүйек айында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін Азия чемпионатына жолдама алады.