БастыМәдениет

Қазақстан Еуропа архивтері арқылы Түркі әлемінің құпияларын ашады

Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени және ғылыми әріптестік тағы бір маңызды қадаммен толықты.

Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің қолдауымен, филология ғылымдарының докторы, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Дүкен Мәсімханұлы бастаған қазақстандық делегация Францияның Ұлттық кітапханасының шығыс қолжазбалар бөлімінің басшысы Лоран Эришемен маңызды келіссөздер өткізді, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Кездесудің негізгі мақсаты – түркі әлемінің терең тарихи және мәдени мұрасын жаңа қырынан зерттеу.

Келіссөздер «Ватикан мен Еуропа елдерінің бірегей материалдары негізінде түркі әлемінің ерте және ортағасырлық тарихы мен мәдениеті» атты ауқымды ғылыми-зерттеу жобасы аясында өтті. Тараптар осман, шағатай, татар, түркі және парсы тілдеріндегі сирек қолжазбалар мен архивтік құжаттарды зерттеу мүмкіндіктерін жан-жақты талқылады. Әсіресе, географиялық карталар мен отарлық кезеңдегі экспедициялар барысында жиналған материалдарға ерекше қызығушылық танытылды, себебі бұл деректер түркі халықтарының өмірі мен тарихына қатысты құнды ақпарат беруі мүмкін.

Қазақ делегациясының сапарының басты мақсаты – Еуропа кітапханаларында сақталған түркі әлеміне қатысты тарихи дереккөздерді жинау, жүйелеу және салыстырмалы талдау жасау арқылы ортақ мұраны ғылыми және мәдени тұрғыда жаңаша зерделеу. Бұл жұмыс түркітану ғылымына жаңа серпін беріп, түркі халықтарының ортақ тарихын тереңірек түсінуге жол ашады.

Кездесу барысында Д. Мәсімханұлы Қазақстан Үкіметінің қаулысымен 1996 жылы құрылған және көрнекті шығыстанушы Р.Б. Сүлейменовтің есімімен аталған Шығыстану институтының тарихы мен ғылыми миссиясын таныстырды. Бүгінде аталмыш институт Қазақстандағы шығыстану және түркітану саласындағы жетекші ғылыми орталық болып табылады.

Франция тарапы екіжақты ғылыми ынтымақтастықты дамытуға жоғары қызығушылық білдіріп, қазақстандық ғалымдардың бастамасын қолдайтынын жеткізді. Бұл ынтымақтастық түркі әлемінің мәдени және ғылыми мұрасын әлемдік деңгейде танытуға зор үлес қосатыны анық.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен зерттеулер, тәжірибе алмасу және мамандардың академиялық ұтқырлығын қамтитын өзара ынтымақтастық туралы Меморандум әзірлеп, қол қоюға уағдаласты. Бұл келісім түркі әлемі тарихын тереңірек зерттеуге бағытталған халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам болмақ.

 

 

TuraNews

Back to top button