БастыТуризм
Trending

Түрік таңғы асы: дәм мен дәстүрдің үйлесімі

Түркияға сапар шексеңіз, дәмін татпай кетуге болмайтын нағыз мәдени ләззат – түрікше таңғы ас!

Түрік таңғы асы тек таңды бастайтын ас емес, бүтін бір дәстүр, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дәм мен дастархан өнері. Түріктер үшін бұл – күннің ең маңызды әрі ерекше сәті. Сондықтан да түрік таңғы асы бүгінде ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енуге басты үміткерлердің қатарында.

Кахвалты – күннің негізгі тағам

Кахвалты (Kahvaltı) – түрік тілінен аударғанда «кофеден бұрын» деген мағынаны білдіретін сөз. Бұл сөз «kahve» (кофе) және «altı» (асты, алдындағы) деген екі сөздің бірігуінен шыққан. Бірақ кахвалты жай ғана кофе ішер алдындағы жеңіл тамақ емес, ол – Түркиядағы өте маңызды, тойымды әрі дәстүрлі таңғы ас рәсімі.

Кахвалты – түрік мәдениетінің ажырамас бөлігі десе де болады. Ол жай тамақтану емес, отбасымен немесе достармен жиналып, ұзақ уақыт бойы әртүрлі тағамдарды бөлісіп, әңгімелесетін әлеуметтік шара іспетті.

Түркияның әр аймағында бұл ас өз ерекшелігімен танымал: Шығыста бауырсақ пен сорпа, Эгей аймағында – жасыл зәйтүн мен жаңа піскен көкөніс, ал солтүстікте – бал мен қаймақпен толыққан дастархан.


Таңғы астың басты кейіпкерлері

Түрікше таңғы астың басты құрамдас бөліктері – әртүрлі ірімшіктер мен зәйтүндер. Мәселен, Эзине ірімшігі, Коня көк ірімшігі немесе Ван өңірінің шөпті ірімшігі – әр аймақтың өзіне тән дәмі. Түркия – әлемдегі ең ірі зәйтүн мен зәйтүн майын өндіруші бес елдің бірі. Сол себепті қара және жасыл зәйтүндер, түрлі дәмдеуіштермен араластырылған нұсқалары барлық дастарханның көркін ашады.

Сондай-ақ, жазғы қызанақ пен қияр, жаңа піскен көк шөптер, жалбыз бен ақжелкен таңғы астың серігіне айналады. Қарбыз бен қауын да кейде тәтті мен тұщының үйлесімін береді.

Жұмыртқасыз таңғы ас — таңғы ас емес

Түріктердің жұмыртқаға деген ықыласы ерекше. Таңғы ас мәзірінен олардың менемен (қызанақ пен бұрыш қосылған жұмыртқа), суджукпен (дәмдеуішті шұжық) қуырылған жұмыртқа және әлеуметтік желілерде кең тараған чылбыр (сарымсақты айран үстіне қосылған жұмыртқа) сияқты сүйікті тағамдарын міндетті түрде табасыз.

Нан мен тәттілер де назардан тыс қалмайды

Әр дастарханның ажырамас бөлігі – симит, поғача, піши мен гөзлеме. Таңғы асты тәтті нотамен аяқтайтын қаймақ пен табиғи бал, түрлі үй тосаптары да бар. Ал осы дәмдердің бәрін толықтырып тұратын – шыны стакандағы хош иісті қара шай.

Түрік таңғы асы – елдің мәдени болмысын танытатын дәмдерге толы бірегей тәжірибе. Түркияға сапар шегіп, нағыз дәстүрлі кахвалтыдан дәм татып көріңіз – күні бойы сергек жүрудің ең дәмді жолы осы!

TuraNews

Back to top button