Басты

Қазақстан мен Моңғолия көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

26 маусымда Моңғолияға жасаған ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу осы елдің Жолдар және көлік министрі Борхуугийн Дэлгэрсайханмен кездесті.

Тараптар өзара түсіністіктің жоғары деңгейін растады және көлік-логистика саласындағы қазақ-моңғол ынтымақтастығын тереңдетудің маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Қазақстан мен Моңғолияның тығыз географиялық байланысына назар аударылып, бұл серіктестікті кеңейтуге объективті алғышарттар жасайтыны аталып өтті. Теміржол және автомобиль көлігі, азаматтық авиация, сондай-ақ автожол инфрақұрылымын дамыту сияқты ынтымақтастықтың өзекті бағыттары талқыланды.

Министрлер «Қазақстан-Ресей-Моңғолия» автожолын салу жобасына ерекше назар аударды. Бұл жоба екі ел арасындағы бағытты 800 шақырымнан астамға қысқартып, өзара тауар айналымын 500 млн АҚШ долларына дейін ұлғайту мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Кездесу барысында қазақстандық астық және майлы дақылдар, сондай-ақ локомотивтер мен жолаушылар вагондарын қоса алғанда көлік машина жасау өнімдерін жеткізу арқылы экспорттық-импорттық тасымалдарды ұлғайту мәселесі де талқыланды.

Қазақ тарапы бірлескен жобаларды іске асыру Моңғолияға Транскаспий халықаралық көлік бағдарына және Қазақстан аумағы арқылы өтетін ірі еуразиялық логистикалық дәліздерге шығуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Сұхбаттастар автомобиль және теміржол жүк тасымалы салаларындағы оң динамиканы атап өтті.

Азаматтық авиация саласында Астана-Өлгий-Ұлан-Батыр бағытындағы тікелей рейстер географиясын кеңейтуге дайындық білдірілді. Бұл іскерлік және гуманитарлық байланыстардың дамуына ықпал ететін болады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар халықаралық көлік дәліздерін дамытуға және ағымдағы жылдың шілде айында Қытайда Қазақстан, Моңғолия және Ресей көлік министрлерінің үшжақты кездесуін өткізуге өзара ұмтылысты растады.

 

TuraNews

Back to top button