БастыЭкономика

Түркияда криптовалютаға қатысты қадағалау күшейтілді

Түркия билігі заңсыз бәс тігу, алаяқтық және қаржыны заңсыз шетелге шығарумен күресу мақсатында цифрлық активтерге бақылауды күшейтуде.

Түркияның Қаржы министрі Мехмет Шимшек криптовалюта платформалары арқылы ақшаны жылыстатуға қарсы бағытталған жаңа ережелердің енгізілгенін мәлімдеді.

Негізгі өзгерістер келесідей:

  • Криптобиржаларға қатаң бақылау: Елде жұмыс істейтін барлық платформалар қаржы көздері мен аударым мақсаты туралы мәліметтерді жинап, тексеруге міндетті. Бұл талапты орындамаған жағдайда олардың лицензиясынан айырылады.
  • Қаражатты шығару мерзіміне шектеу: Криптовалюта аударымдары кезінде міндетті кідіріс енгізіледі.
  • Жаңа аккаунттар үшін кемінде 72 сағат, ал қалғандары үшін сатып алу немесе қаражат түскен уақыттан бастап 48 сағаттан ерте емес мерзім белгіленді.
  • Стейблкоиндерге лимит: Долларға байланған криптовалюталарға (мысалы, USDT немесе USDC) тәуліктік 3 000 доллар, ал айлық 50 000 доллар көлемінде лимит белгіленді.
  • Лимиттен асқан аударымдарға қойылатын талаптар: Белгіленген лимиттен асатын аударым жасау үшін пайдаланушы өзі және қаражат алушы туралы толық ақпаратты (аты-жөні, мекенжайы, туған күні және басқа деректер) ұсынуы тиіс.
  • Лицензияланған трейдерлерге арналған ерекшеліктер: Ресми платформаларда жұмыс істейтін кәсіби пайдаланушылар мен трейдерлер, егер қаражат көзі расталса, шектеусіз операциялар жүргізе алады.

Министр Шимшек бұл шаралардың адал пайдаланушыларға кедергі келтіру мақсатында емес екенін атап өтті. «Біз адал қолданушыларға тосқауыл қоюды көздемейміз. Бірақ заңсыз табысын жасырғысы келетіндерге жол бермеуіміз керек. Бұл қаржы жүйесін қорғауға бағытталған шара,» — деді министр.

Бұл талаптар ел экономикасының тұрақтылығын нығайту, қаржылық ашықтықты күшейту және ақшаны жылыстатуға қарсы халықаралық стандарттарға бейімделу аясында қабылданды.

Бірнеше жылдық жоғары инфляция мен ұлттық валютаның құнсыздануынан кейін Түркия экономикасы біртіндеп теңгерімді өсу моделіне көшуде. Бұған қоса, Түркиядағы дата-орталықтар нарығы Парсы шығанағы елдері мен басқа да мемлекеттерден келіп жатқан инвестициялар аясында белсенді даму кезеңіне өтті.

 

Source
Kazinform

TuraNews

Back to top button