Шығыс Қазақстан облысында «Заң және Тәртіп апталығы» акциясы басталды
23 маусымда Мемлекет басшысының бастамасымен қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі тұжырымдама аясында республикалық «Заң және Тәртіп» апталығы акциясы бастау алды.
Іс-шараның мақсаты – қоғамда құқықтық тәртіп идеяларын, заңға құрметпен қарауды қалыптастыру, тұрақты құқықтық сананы және жоғары құқықтық мәдениетті нығайту, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Шығыс Қазақстан облысы аумағында акцияны бастап, оны салтанатты түрде ашқан облыс прокурорының орынбасары Ерлан Буланбаев бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып, оның қатысушыларына мемлекетпен қазақстандықтардың игілігі үшін ел басшылығы сеніп тапсырған жауапты миссия жүктелгенін атап өтті.
Акцияның алғашқы күнінде прокуратура, полиция, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және Экономикалық тергеп-тексеру қызметінің қызметкерлерінен құралған қоғамдық қабылдаулар өз жұмысын бастады. Олар халық көп шоғырланатын орындарда орналасып, жергілікті тұрғындарды барынша қамтуды көздейді.
Қоғамдық қабылдаулар аясында азаматтарды қабылдау, құқықтық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары мен кеңес беру қызметтері көрсетілуде.
Акцияның алғашқы күні мобильдік топтармен 200-ден астам азамат қабылданды. Оларға құқықтық мәселелер бойынша кеңестер беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, азаматтарға алаяқтықтың кең таралған тәсілдері, есірткі саудасына қалай тартылып кетпеу және құрбан болмау, балалардың құқықтарының бұзылу фактілері бойынша қайда және қалай жүгінуге болатыны туралы ақпарат берілген жадынамалар таратылды. Жадынамаларда QR-кодтар орналастырылған.
Қоғамдық қабылдаулар алдағы апта бойы өз жұмысын жалғастырады. Өскемен қаласында – облыс орталығының шалғай аудандарына, ал өңір аудандарында – ауылдық округтерге шығу жоспарлануда.