Qazaqsha караоке: ұлттық ән мен тілге арналған рухани кеш
Астанада ұлттық музыкалық мұраны дәріптейтін ерекше мәдени кеш – «Qazaqsha караоке» ұйымдастырылды.

Qazaqsha караоке – Астананың көшелерін қазақ әнімен тербеткен ерекше жоба Астана қаласында қазақ тілін насихаттауға және ұлттық музыкалық мұраны дәріптеуге бағытталған, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Шараны Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырды. Бұл кеш халқымыздың мақтаныштары — ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен сазгер Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына орай өткізілді.
Мақсаты — көпшілікпен бірге ұлттық әндерді орындау арқылы қазақ тілін, музыкалық мұраны дәріптеу және көпшілікті ортақ мәдени ортада біріктіру.
Ашық микрофон форматында өткен кеште қала тұрғындары мен қонақтар сахнаға шығып, сүйікті қазақ әндерін орындады. Ұлттық аспаптармен жасырын әуендер ойналып, көрермендер әнді табуға тырысты.
Дұрыс жауап бергендер ансамбльмен бірге ән айтып, ерекше көңіл-күй сыйлады. Караоке бөлімінде әртүрлі буын өкілдері танымал қазақ әндерін бірігіп шырқады. Музыкалық бөлімдерден кейін қазақ әдебиеті мен тарихына арналған викторина өткізілді. Белсенді қатысқан көрермендерге сыйлықтар табысталды. Шара бойы ұлттық өнер мен тілді құрметтеуге үндеген рухани орта қалыптасты.
Шараға әртүрлі жас буын өкілдері қатысты. Қатысушылардың айтуынша, бұл кеш қазақ тілін игеруге, ұмыт бола бастаған халық әндері мен шығармаларын қайта жаңғыртуға мүмкіндік берді.