
20 маусымда Ердоғанның шақыруымен Түркияға алғаш рет ресми сапармен келген Пашинян Долмабахче сарайында Түркия президентімен кездесті.
Кездесуде тараптар Түркия мен Армения арасындағы қарым-қатынастарды жақсарту жолдарын, аймақтық тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайту мәселелерін, сондай-ақ Оңтүстік Кавказдағы геосаяси жағдайды талқылады.
Ердоған Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келіссөздердің жетістіктерінің маңыздылығын атап өтіп, Түркияның тек аймақта ғана емес, бүкіл Таяу Шығыста бейбітшілік орнату үшін барлық дипломатиялық мүмкіндіктерді пайдалануға дайын екенін жеткізді. Ол Израиль мен Иран арасындағы әскери шиеленістің ушығуы аймаққа үлкен қауіп төндіретінін және оны тоқтату үшін белсенді диалог қажет екенін баса айтты.
Никол Пашинян әлеуметтік желідегі парақшасында Түркия президентімен кездесуінде екі ел арасындағы қатынастарды қалыпқа келтіру, аймақтық тұрақтылық және тұрақты диалогтың маңыздылығы туралы пікір алмастырылғанын жазды. Ол Арменияның бейбітшілік пен ынтымақтастықты қолдайтынын растады.