БастыМәдениет
Trending

Ақтауда Түркі әлемінің опера кеші өтті

15 маусымда Ақтау қаласында "Ақтау – 2025 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы" жобасы аясында түркі халықтарының өнерін біріктірген ауқымды опера кеші ұйымдастырылды.

Қоғамдық коммуникация орталығының хабарлауынша, бұл шараның басты мақсаты – шекарасыз саз бен ұлтқа бөлінбейтін шабыт арқылы көрерменді өнер тілімен табыстыру болды.

Кешке Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Абылай Тілепбергенов, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Ерболат Ахмедьяров, Абыл Тарақұлы атындағы ұлттық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Рахат Мадреев өнер көрсетті. Сонымен қатар, Өзбекстан, Түркия, Қырғызстаннан келген дарынды өнерпаздар және еліміздің бірнеше өңірінен үздік опера солистері мен М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының солистері сахнада өнерлерін паш етті. Опера кешінде барлық туындылар Абыл Тарақұлы атындағы Қазақ оркестрінің сүйемелдеуімен, жанды музыкада орындалды.

Маңғыстау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали фестиваль барысында өнерпаздарға алғыс білдіріп, шараның маңыздылығын атап өтті.

«Ақтау – 2025 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аясында халықаралық деңгейдегі көптеген шаралар жүзеге асып келеді. Бүгінгі опера кеші – сол жобаның жарқын жалғасы. Опера – классикалық музыка өнерінің биік шыңы. Бүгінгі кеште өнер көрсеткен барша қатысушыларға шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Нұртас Сали.

Кешке қатысқан дирижер Абылай Тілепбергенов шараның ерекшелігі – түркі елдерінен келген орындаушылардың өз ұлттық опера туындыларын ұсынуында екенін атап өтті.

«Түркі халықтарының әртістері өз елдерінің классикалық шығармаларын ұсынды. Мәселен, Қырғызстаннан келген өнерпаздар «Манас батыр» операсынан Манастың ариясын, Өзбекстан әртістері «Майсараның ісі» операсынан Ойхонның ариясын орындады. Қазақстандық орындаушылар көрерменге «Айсұлу» және «Біржан сал» операларынан үзінділер ұсынды», – деді Абылай Тілепбергенов.

Фестиваль қатысушылары арнайы сыйлықтармен марапатталды.

 

TuraNews

Back to top button