ҚоғамМәдениет

Шекаралық аудандар шеруі: Катонқарағайда мәдениет пен бірлік мерекесі жұртшылықты жинауда

Шығыстың шырайлы өңірі – Катонқарағайда өңірлік ынтымақ пен ұлттық бірегейлікті айшықтайтын тарихи оқиға өтіп жатыр.

Шекаралық аймақтар мен жаңадан құрылған аудандар үшін бұл – өзін көрсетуге, әлеуетін паш етуге үлкен мүмкдік. Осы күндері Катонқарағайда халықаралық «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалімен қатар, облыстық XXIII ұлттық ат спортынан халықтық ойындар өтуде. Аймақтың барша аудандары аталған іс-шараларға белсене қатысып, мәдениеті мен мұрасын, брендтік өнімдері мен туризмін кеңінен таныстыруда, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Аспанмен астасқан таулардың етегінде ақ шаңқан киіз үйлер тігілді. Әр аудан этноауыл құрып, дәстүрлі өнері мен қазіргі жетістігін үйлестіре көрсетуде. Бұл тек мерекелік көрініс емес – жаңарған Марқакөл мен Катонқарағай сынды аудандардың қайта түлеп, елдік тірлікте өз орнын нығайта бастағанының нақты көрінісі.

Зайсан ауданының делегациясы да ұлттық спорт ойындарына үлкен дайындықпен келген.

– Шығысымыздың жауһары – Катонқарағайға ат басын тіредік. Алпысқа жуық спортшымыз халықтық ойындарға қатысуға ниет білдіріп отыр. Бұдан бөлек, түркі дүниесінің нышанына айналған Шілікті өңірінен Алтын адамды әкелдік. Аудан кәсіпкерлерінің өнімдері мен брендтік тауарларын да таныстырамыз, – дейді Зайсан ауданының мәдениет, спорт, дене шынықтыру және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анарбек Дүтбаев.

Катонқарағайда тек спорт емес, мәдениет, өнер, ғылым тоғысқан кеңістік қалыптасты. Марқакөл ауданының өкілдері бұл жиынның символдық қана емес, нақты серпін беретінін ерекше атап өтті.

– Облыстың түгелдей бас қосуы – үлкен мәртебе. Жаңадан құрылған Марқакөл мен Катонқарағай үшін бұл – серпінді кезең. Бұл фестиваль біздің ұмыт қалған тарихымызды жаңғыртып, көлеңкеде қалып келген құндылықтарды ел алдына шығаруға мүмкіндік береді. Экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан да үлкен пайдасы болады. Биыл Құмаш Нұрғалиевтің 100 жылдығы аясында бірқатар шаралар өткіздік. Осы мерейтойды негізге ала отырып, ауданымыздың мәдени мұрасын, Құмаш атамыздың мұражайын көпшілікке таныстырудамыз, – дейді Марқакөл ауданы, Боран ауылы Құмаш Нұрғалиев атындағы мектеп-гимназия директоры Арман Болатов.

«Мың естігенше, бір рет көрген артық» дегендей, ауданға алғаш келген азаматтар қатар да мол. Мәдениеті мен мұрасын, дәстүрін арқалап келіп киіз үй тіккен Самар ауданының тұрғындары Катонқарағайдың тамсандырар табиғатын көз тоймайтынын айтады.

– Мұнда бірінші рет келіп отырмыз. Табиғаты – көз тойдырарлық. Катонқарағай шынымен де Швейцарияға пара-пар мекен екен. Ауданымыздың беташар салтын, ұлттық әндерін, көрмелерін ала келдік. Қатарынан үш киіз үй тігіп, бір ай бойы дайындалдық. Өңірдің сұлулығына сөз жетпейді, – дейді Самар ауданының Мәдениет үйінің әртісі Исхат Мұратқалиева.

Аудандар бұл шараға екі аптадан бір айға дейінгі уақыт ішінде тыңғылықты дайындалған. Әр өңір өз брендіне айналған мәдени мұрасын, туристік бағыттарын, өндірістік әлеуетін арнайы гидтердің сүйемелдеуімен қонақтарға таныстыруда. Бұл – ішкі туризмді дамытуға да, ұлттық бірегейлікті күшейтуге де жол ашатын маңызды алаң.

TuraNews

Back to top button