Қоғам
Қазақстанда балалардың құқықтық тұрғыдан қорғалуы 90%-ға жетті
Қазақстанда балалардың әл-ауқаты деңгейінің өскені тіркелді. Бұл оң өзгеріс Оқу-ағарту министрлігінің «Қазақстан балалары» онкүндігі аясында жариялаған 2024 жылғы Балалар әл-ауқаты индексінде көрсетілген.

Ведомствоның мәлімдеуінше, аталған көрсеткіштің өсуі профилактикалық және ақпараттық шаралардың, соның ішінде «Мен өз құқығымды білемін» атты арнайы айдардың енгізілуімен тікелей байланысты. Жүргізілген зерттеулерге сәйкес, бүгінде оқушылардың басым көпшілігі өз құқықтарын жетік біледі және қажеттілік туындаған жағдайда қайда жүгінуге болатынын анық түсінеді.
Айта кетерлігі, 56 индикаторды қамтитын бұл индекс Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен енгізілген. Ол еліміздегі балалардың жағдайын жүйелі түрде бағалауға мүмкіндік беретін стратегиялық маңызы бар құрал болып саналады.