
Елдің ірі туристік холдингтерінің бірінің басшысы Орхан Санджардың мәлімдеуінше, бұл дағдарыс емес, керісінше, қонақүйлердің жұмысындағы техникалық және әкімшілік кемшіліктерді жоюға бағытталған стандартты процедура. Бұл туралы Kazinform агенттігі хабарлайды.
Санджар Түркия Туризм министрлігінің заң талаптарына сай келу үшін нысандарға уақыт беріп отырғанын атап өтті. Қауесеттерге адвокат Абиде Саралудың 4 мың қонақүйдің туристік нысан сертификаты болмағаны үшін мөрленгені туралы мәлімдемесі себеп болған.
Оның айтуынша, 2021 жылдан бастап қонақүйлер жергілікті биліктің рұқсатымен уақытша жұмыс істей алған, бірақ жарты жыл ішінде ресми сертификат алуға міндетті болған. Көптеген қонақүйлер бұл талапты уақытында орындамаған.

Алайда, Орхан Санджар бұл тек уақытша шаралар екенін, қонақүйлерде анықталған кемшіліктердің жойылып жатқанын және алдын ала броньдардың жойылуы туралы туристік агенттіктерге ескерту берілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, 4 мың деген сан – қазір заң талаптарына сәйкестендіру жұмыстары жүріп жатқан нысандардың жалпы саны.
Санджар туристерге жолға шығар алдында өз қонақүйінің статусын тексеріп, броньды растауға кеңес берді: «Саланың жағдайында ешқандай дағдарыс жоқ, қонақтар тұратын орынсыз қалмайды. Бірақ тыныштық үшін алдын ала броньды растаған дұрыс».
Түрік билігі мен қонақжайлылық индустриясының өкілдері туристерді дүрлікпеуге және тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырады.