Жезқазғанда қалдықтарды өңдеу бойынша жаңа өндірістік жоба іске аспақ

Ұлытау облысында өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыруға бағытталған ауқымды жоба жүзеге аспақ. «Жасыл даму» акционерлік қоғамы «DD-jol» ЖШС ұсынған Жезқазған қаласындағы тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды өңдеуге арналған цехтардың құрылысы бойынша жобаны мақұлдады. Жоба құны — 705,5 миллион теңге.
Жоспар бойынша, әрқайсысының аумағы 600 шаршы метрді құрайтын төрт арнайы цех салынады. Бұл цехтарда қағаз қалдықтарын қайта өңдеу, резеңке-техникалық бұйымдарды қайта пайдалану, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және кәдеге жарату жұмыстары жүргізіледі.
Қаржыландыру жылдық 3% мөлшерлемемен, 15 жылға дейінгі мерзімге, екі жылдық жеңілдік кезеңімен ұсынылды. Инвестиция Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы утилизациялық төлем есебінен беріліп отыр. Аталған қолдау еліміздегі ірі қалаларда қоқыс өңдейтін зауыттар салу бағдарламасы аясында іске асырылуда. Бүгінге дейін 67 жоба мақұлданса, соның 43-і тікелей өңдеуге бағытталған.
«DD-jol» компаниясы жоба аясында қажетті жабдықтар мен техниканы лизинг арқылы алуға келісім жасасты. Жоба шеңберінде мынадай құрал-жабдықтар сатып алынады:
- Қағаз қалдықтарын қайта өңдейтін кешен;
- Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау желісі;
- Резеңке-техникалық бұйымдарды өңдейтін кешен;
- Фронтальды және жүк тиегіш техника.
- Күтілетін нәтижелер:
- Ұлытау өңіріндегі экологиялық ахуалдың жақсаруы;
- Өңдеу секторының өңір экономикасындағы үлесі артады;
24-тен астам жаңа жұмыс орны ашылады, бұл өз кезегінде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа ықпал етеді.