Ұлытау облысында мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

Айрықша күнге орай облыс әкімі Дастан Рыспеков өңір мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар сала қызметкеріне Мәдениет және ақпарат министрлігінің, облыс әкімдігінің құрмет грамоталарын, алғысхаттарын және арнайы сыйлықтарды табыс етті.
Іс-шараны ашқан облыс әкімі Дастан Рыспеков өз құттықтауында: «Ұлттың рухани тірегі – мәдениет. Осы салада қажырлы еңбек етіп жүрген сіздердің еңбектеріңіз қашанда құрметке лайық,»– деп атап өтті.
Салтанатты жиында Мәдениет және ақпарат министрлігінің наградаларымен қатар, Ұлытау облысы әкімінің арнайы сыйлықтары да табысталды.
Жеңімпаздарға 500 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейінгі сыйақылар берілді.
Облыс әкімінің «Мамандығына адалдығы үшін» атты бас жүлдесі – 1 миллион теңге – филармония әртісі Зауре Омароваға бұйырды. Сонымен қатар, бірқатар өнер майталманына арнайы аталымдар бойынша облыс әкімінің сыйлығы мен 500 мың теңге сыйақылары табыс етілді.
Мерекелік жиынға жерлестерімізді құттықтау үшін елімізге танымал кинорежиссер Талғат Теменов, эстрада жұлдыздары, «Шаншар» әзіл ысқақ театрының өнерпаздары арнайы қатысты.