ШҚО: ведомствоаралық комиссия отырысында жол-көлік оқиғаларының және қылмыстардың алдын алу мәселелері қаралды
ШҚО әкімдігінде ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда жол-көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ алкогольдік мас күйінде және кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың алдын алу мәселелері қаралды.

Облыс жолдарындағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында автожолдардың ақауларын анықтау, жол белгілері мен стробоскоптарды орнату, патрульдік автокөліктер мен жануарлардың макеттерін қою бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, Өскемен, Риддер және Алтай қалаларында «Мерген» аппараттық-бағдарламалық кешенін енгізу жалғасуда. Бүгінгі күні 207 бейнекамера арқылы жол қозғалысы ережелерін бұзудың 11 мыңнан астам фактісі анықталды.
Бұл бағыттағы жұмыстармен бірге апатты-қауіпті жол учаскелерін жарықтандыру, мектептер маңындағы инфрақұрылымды жақсарту, жаяу жүргіншілер өткелдерін жаңғырту сияқты шаралар да жалғасатын болады.
Қылмыстық әрекеттерге қатысты айтсақ, жыл басынан бері ШҚО-да алкогольдік мас күйінде жасалған қылмыстар тіркелді. ШҚО Полиция департаментінің қызметкерлері қылмыс жасауға бейім тұлғалардың тұрғылықты жерлері бойынша жоспарлы рейдтер жүргізуде.
Отырыс барысында алкогольден толық бас тартқан елді мекендердің тәжірибесін тарату, спирттік ішімдіктерді тек арнайы алкомаркеттерде сату туралы ұсыныс айтылды. Сондай-ақ, спирттік ішімдіктерді заңсыз сатуға тосқауыл қою, маскүнемдіктің алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бойынша белсенді профилактикалық жұмыс жүргізу ұсынылды.
Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылық пен қылмыстық әрекеттердің алдын алу мақсатында «Жасөспірім», «Каникул», «Түнгі қаладағы балалар», «Профилактика» іс-шаралары мен «Жасөспірім. Заң. Қауіпсіздік» акциялары өткізіліп келеді. Бүгінгі таңда 107 жасөспірім және 196 бала тәрбиелеу және оқыту міндеттерін орындамаған заңды өкіл есепке алынған.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар жасайтын қылмыстардың алдын алуды, әсіресе жазғы демалыс кезінде, күшейту қажеттілігі атап өтілді. Жасөспірімдер мен олардың ата-аналарын жауапкершілік туралы уақтылы хабардар ету, құқықбұзушылықтар жиі орын алатын мекемелерге ерекше назар аудару және қажет болған жағдайда олардың лицензияларын тоқтату шараларын қолдану ұсынылды.