Қоғам

Шығыс Қазақстанда орман алқабында ауқымды оқу-жаттығу өтті

ШҚО-да «Өрт-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларының екінші күні өтіп жатыр.

Сценарий бойынша өрт «Риддер орман шаруашылығы» КММ аумағын шарпып, Риддер қаласына таралу қаупі туындады. Оқиға орнына келген «Риддер орман шаруашылығы» қызметкерлері өртті сөндіру жұмыстарына кірісті. Көмекке келген «МИ-2» тікұшағы от жиегіне шабуыл жасау үшін өрт сөндіруші-десантшыларды түсірді. Жедел штаб құрылып, қосымша күштер мен құралдар – Орман және аңшылық шаруашылығының жедел ден қою жасағының бөлімшелері жұмылдырылып, өрттің таралуына тосқауыл қою шаралары жүргізілді.

ШҚО ТЖД қызметкерлері өртпен автоцистерналар, орманға арналған арқа сөндіргіштері арқылы күресуде. ҚР ТЖМ-нің екінші құтқару батальонының әскери қызметкерлері оттың таралуына жол бермеу үшін шанцевтік құралдармен от жиегін қоршап жатыр. Өрт сөндіру пойызы орман алқабына су жеткізуді ұйымдастырса, ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» тікұшағы су төгу құрылғысы арқылы өртті ауа арқылы сөндіруде.

Полиция қызметкерлері өрт сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақты қоршауға алды.

ҚР ТЖМ «Апаттар медицинасы орталығының» ШҚ филиалының дәрігерлері зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету үшін санитарлық-эвакуациялық реанимобиль орналастырды.

Күрделі әрі көп сағаттық өртпен күрес, құтқарушылар, орманшылар, әскери қызметкерлер және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен әрекеттері 150 гектар аумақты шарпыған шартты өртті толықтай тоқтатуға мүмкіндік берді.

«Бұл оқу-жаттығулар өңірдегі жалпы көлемі шамамен 2,9 миллион гектарды құрайтын орман алқаптарында өрттерге жедел әрекет ету мақсатында өткізіліп отыр. Жаттығу шынайы жағдайға барынша жақын өткізілді. Мұндай дайындықтар ТЖ, орман шаруашылығы, жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелерінің табиғи өрттерге дайындығы мен өзара іс-қимыл деңгейін бағалауға мүмкіндік береді», – деді ШҚО ТЖД бастығы Рашид Блялов.

TuraNews

Back to top button