
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексіне өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды Кабар.
Аталған заң 2025 жылғы 10 сәуірде Жогорку Кеңеш (Парламент) тарапынан қабылданған.
Бұл заңның мақсаты — қылмыстық заңнаманың іске асырылуында сыбайлас жемқорлыққа жол беретін тетіктерді азайту және лауазымды тұлғалардың дискрециялық өкілеттіктерін теріс пайдалануын болдырмау.
Заңға сәйкес Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексіне келесі өзгерістер енгізіледі:
Өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы, егер сот тарапынан қылмыстық істің ескіру мерзімін қолдану мүмкін болмаса, жиырма жылға бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылады;
Есірткі заттарды, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын заңсыз дайындау және өткізу мақсатында жасалған қылмыстарға қылмыстық жауапкершіліктің ескіру мерзімін қолдануға тыйым салынады;
Мұндай қылмыс үшін сотталған тұлғаларға мерзімінен бұрын шартты түрде босату қолданылмайды.