Ауа сапасын бақылау және ТМК-дегі тексеріс: деректер мен фактілер
Бүгін таңертең ШҚО-да мамандар оқиға орнына барып, қажетті тексерістер жүргізді.

Қазір жоспарлы жұмыстар атқарылып жатыр. Согра ауданындағы мектеп оқушылары қашықтан оқуға ауыстырылды.
Казгидромет желдің болмауына байланысты II дәрежелі қолайсыз метеожағдай тіркелгенін хабарлады.
2025 жылдың 19 мамырда шамамен сағат 16:00-де «Өскемен титан-магний комбинаты» аумағында белгісіз заттың ауаға тарағаны байқалды. Бұл жағдайға байланысты оқиға орнына бірден жергілікті билік, төтенше жағдайлар департаменті, экология және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандары барып, тексеріс жүргізді.
Комбинат берген мәліметке қарағанда, дәл сол күні №3 хлорлау қондырғысында күтпеген техникалық қызмет көрсету жұмыстары жүріп жатқан. Сол кезде бір бөлшек құлап, түтін жүретін құбыр бітеліп қалған.
Кәсіпорын зертханасы санитарлық-қорғау аймағы шегіндегі ауаны тексеріп, ауа құрамындағы хлор шекті деңгейден аспағанын мәлімдеді.
Сағат 17:00 шамасында әлеуметтік желілер мен жергілікті БАҚ-та көзге көрінетін қою түтіннің видеолары жарияланған соң, облыстық экология департаментінің мамандары бақылау нүктелеріне барып, кешкі сағат 23:00-ге дейін өлшеулер жүргізді. Нәтижесінде, ауа құрамында нормадан асатын зиянды заттар анықталған жоқ. Барлық тексерулер заңнамаға сай жүргізілген.
Сол күні сағат 18:21-де төтенше жағдайлар департаментіне сары түсті заттың тарағаны туралы хабарлама түсті. Осыған байланысты оқиға орнына санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен Ұлттық сараптама орталығының облыстық филиалының мамандары жіберілді.
Сарапшылар барлығы 8 жерден 144 ауа үлгісін алды. Олар:
Жаңа Согра аумағы, Бобровка ауылына бұрылыс;
2-ші көтергіш;
- АЗС-тен кейінгі бұрылыс (Ульба бағытына);
- Тарханка мен Егорова көшесі арасындағы жол;
- Охотская көшесі, 126 (санитарлық-қорғау аймағы);
- Озотская көшесі, 94а (санитарлық-қорғау аймағы);
Коршунова станциясы;
- Согринск ЖЭО күл үйіндісі.
Аталған үлгілерге 18 түрлі зат бойынша сараптама жасалды. Олардың ішінде хлор, тұз қышқылы, күкірт диоксиді, формальдегид, аммиак, қорғасын секілді зиянды элементтер болды. Сағат 21:44-ке дейін жүргізілген зерттеу нәтижесінде, бірде-бір зат шекті мөлшерден аспаған. Бұл мәліметтер облыстық экология департаментіне жолданды.
Комбинат тарапынан бұл жағдай бойынша ресми түрде төтенше оқиға тіркелмегені айтылды. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан денсаулығына шағымданып, дәрігерге жүгінгендер болмаған.
Айта кетейік, дәл сол күні өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы зауытта жоспарлы тексеру жүргізіп жатқан болатын. Инспекторлар сағат 10:00-ден 16:00-ге дейін зауыт аумағында болған. Сол уақыт аралығында ешқандай күдікті белгі байқалмаған. Қазіргі жағдай да осы тексеріс аясында қаралады.
20 мамырда Ұлттық сараптама орталығы комбинатқа жақын елді мекендерде қосымша зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр. Оның нәтижесі кейінірек жария етіледі.
Жағдайға байланысты облыс әкімдігі шұғыл штаб отырысын өткізді. Онда өңір басшылығы, құқық қорғау органдары, бақылаушы және басқа да жауапты мекемелердің өкілдері қатысып, мониторингті күшейту туралы тапсырмалар берілді.
Тұрғындарға жалған ақпаратқа сенбей, тек ресми дереккөздерге жүгіну сұралады.