Әлеуметтік бағыттағы «Не керек?» телесериалының тұсаукесері өтті
Бүгін «Movie Star» кинотеатрында қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін «Не керек?» телесериалының алғашқы бөлімдері көрсетілді.

Сериал алаяқтық, құмар ойындар, нашақорлық, сыбайлас жемқорлық және отбасылық құндылықтар секілді қазіргі заманның өзекті тақырыптарын қозғайды.
Жобаның тапсырыс берушісі — Сәтбаев қаласының әкімдігі.
Әрбір эпизод – шынайы оқиғаларға негізделген, қоғамдағы күрделі әлеуметтік және психологиялық аспектілерді ашады.
Жобаның басты мақсаты – өскелең ұрпақты тәрбиелеу, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дәріптеу және әлеуметтік жауапкершілік сезімін қалыптастыру.
Тұсаукесер барысында көрермендер алғашқы үш бөлімді тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Барлығы 10 бөлімнен тұратын телесериал жақын уақытта YouTube платформасы мен «Aqsham» телеарнасында көрермен назарына ұсынылады.
Бұл бастама — қоғамдағы өзекті мәселелерге назар аудартып, көпшілікті терең ойға жетелейтін маңызды қадам.