
Халықаралық ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың екі арнайы өкілі Стив Уиткофф пен генерал Кит Келлог алдағы күндері Ыстанбұлға барады. Сонымен қатар, Трамптың өзі Мемлекеттік хатшы Марко Рубионың қатысатынын мәлімдеді.
АҚШ президентінің айтуынша, «Түркияда жақсы нәтиже болуы мүмкін және Рубио сонда барады».
Украина президенті Владимир Зеленский Түркияда Владимир Путинмен жеке кездесуге дайын екенін растады. Баспасөз мәслихатындағы мәлімдемесінде ол Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен келіссөз 15 мамыр, бейсенбі күні Анкарада жоспарланғанын хабарлады. Зеленский Путиннің жеке кездесуге келіседі деп күтетінін және оған Дональд Трамптың да қатысатынына сенім білдірді.
— Бұл күшті саяси сигнал болар еді. Біз Ердоғанмен бірге Путин үшін қосымша ынталандыру ретінде Трамптың қатысуын ұсындық, — деп атап өтті Украина басшысы.
Бұл ретте Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ресейлік делегацияның құрамын жария етуден бас тартып, Путин оны қажет деп тапқан кезде өзі жариялайтынын баса айтты. Осы арада америкалық дереккөздер АҚШ бейсенбі күні таңертеңге дейін ресейлік делегация туралы ресми ақпаратты күтпейтінін хабарлады.
Түрлі сарапшылардың пікірінше, Ыстанбұлда келіссөз жүргізу бастамасы Ресей президентіне тиесілі. Алайда Владимир Путин келіссөзге жеке қатыса ма, әлде өз делегаттарын жібере ме, ол белгісіз. Бұл ретте Зеленский төменгі деңгейдегі шенеуніктермен кездесуге ниеті жоқ екенін мәлімдеді.
Путин мен Зеленскийдің кездесуі өтетін болса, бұл толық ауқымды қақтығыс басталғаннан бері екі ел көшбасшыларының алғашқы жеке диалогы болмақ. АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеуніктерінің қатысуы, әсіресе, геосаяси тұрақсыздықты ескере отырып, келіссөзге жаңа серпін беруі мүмкін.
Әлем күтіп отыр. Бірқатар елдің болашағы Босфор жағасындағы қонақүйдің залдарында шешіле ме, ол алдағы күндері белгілі болады.