Министрлік мектептердегі буллингпен күрес ережелерін бекітпек
Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарындағы буллингтің алдын алу ережелерін бекітуді ұсынды. Жәбір көрсету мәселесін шешу жолдары айқындалған құжат «Ашық» НҚА порталында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Құжатта көрсетлігендей, буллингтің алдын алу үшін білім беру ұйымының басшысы оқу жылының басында жоспар әзірлейді. Оған сәйкес, атқарылатын жұмыстардың мерзімі, нәтижелері мен оған жауапты мамандар бекітіледі.
Жоспарға сай, мына шаралар қолға алынады:
— буллингтің алдын алу мәселелері бойынша білім алушылар мен тәрбиеленушілерге ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
— білім алушылар мен тәрбиеленушілерді, баланың заңды өкілдерін баланы жәбірлеуге жол берілмейтіндігі туралы жазбаша және ауызша нысанда хабардар ету;
— буллинг белгілеріне шағымданған білім алушылар мен тәрбиеленушілердің арызына дереу ден қою;
— білім алушылар мен тәрбиеленушілердің тәрбие процесі мен білім беру ортасының жағдайларына мониторинг жүргізу.
Жергілікті атқарушы органға не білім беру ұйымына баланы жәбірлеу туралы ақпарат түскен бойда жауапты тұлға шағымды есепке алу журналына тіркейді. Кейін бұл жағдай 1 күн ішінде басшыға жеткізіледі.
«Ақпарат келіп түскеннен кейін бір жұмыс күні ішінде сынып жетекшісін, педагог-психологты тарта отырып, буллингке ұшыраған баламен, сондай-ақ жәбір көрсетушімен және олардың заңды өкілдерімен әңгіме жүргізеді. Жиналған деректер негізінде 2 жұмыс күні ішінде баланы жәбірлеуді тану немесе мойындамау туралы шешім қабылданады. Осы аралықта буллингке байланысты жанжалды бейбіт жолмен реттеу жөнінде шаралар қабылдау ұсынылады. Егер медициналық айғақтар болса, зардап шеккен балаға медициналық көмек көрсетіледі», — делінген құжатта.
Ереже бойынша буллинг фактісі анықталған кезде білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары дереу ішкі істер органдарына жазбаша хабарлама жолдайды. Құзырлы орган жағдайды зерттеп, қылмыстық іс қозғау немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Құжатта жазылғандай, жәбір көрсеткен бала мектепішілік есепке алынып, оның мінез-құлқына 6 ай мониторинг жүргізіледі. Осы аралықта оң өзгеріс байқалмаса, онда булинг бастамашысы туралы ақпарат кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жіберіледі.