Бизнеске өндірістерді жаңғыртуға жұмсалған шығындар өтелуде
«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы өндірістерді жаңғырту, еңбек өнімділігін арттыру және өнімді ішкі нарыққа ілгерлету шығындарының бір бөлігін өтей отырып, отандық кәсіпорындарға белсенді қолдау көрсетуді жалғастыруда.

Биылғы жылдың басынан бері QazIndustry кәсіпорындардан түскен жалпы құны 148,6 млн теңгені құрайтын өтінімдерді мақұлдады. Бұл қаражат технологиялық үдерістерді жетілдіруге, цифрлық шешімдерді енгізуге, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға және жаңа жабдықтар сатып алуға бағытталған. Бұл жөнінде бизнесті ынталандыру дирекциясы хабарлады.
Өтінім беру жағынан Алматы, Астана және Шымкент қалаларындағы, сондай-ақ Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарындағы индустрия өкілдері белсенділік танытты. Ал салалар бойынша ең көп өтінім машина жасау, агроөнеркәсіп кешені, металлургия, жеңіл және фармацевтика өнеркәсібі мен құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындардан түсті.
Көптеген кәсіпорындар бизнесті ынталандыру тетіктерін пайдалануға белсенді кірісуде. Өткен жылы еліміз бойынша жалпы 1,2 миллиард теңгеге өтінімдер мақұлданған.
Кәсіпорындар өз шығындарын бірнеше бағыт бойынша өтей алатынын еске салған жөн. Мысалы, Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы технологиялық жабдықты сатып алу, оны орнату, іске қосу және техникалық қызмет көрсетуге кеткен шығынның 40%-на дейінін өтеуге көмектеседі (бірақ жылына 60 млн теңгеден аспайды). Бұл ереже автоматтандырылған басқару жүйелерін енгізу мен цифрлық жабдық сатып алу шығындарына да қатысты.
Бұдан басқа, кәсіпорындар қызметкерлердің біліктілігін арттыруға немесе шетелдік мамандарды тартуға жұмсалған шығындарды өтей алады.
Мұндай ерекше бизнесті ынталандыру тетіктері кәсіпорындарға дамуға мүмкіндік беріп, өз өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және халықаралық нарықтарға шығуға жол ашады.
Шығындарды өтеу тетіктерін пайдалану үшін https://qazindustry.gov.kz/ru/business_support сайтында тіркеліп, онлайн өтінім беріп, қажетті құжаттарды тапсыру керек.
Ақпарат алу үшін Астана, Қабанбай батыр даңғылы, 17, Е блогы (әр
сейсенбі және бейсенбі) мекенжайы бойынша QazIndustry кеңсесіне хабарласыңыз.
Байланыс телефоны: +7 (7172) 79 33 99 (ішкі 444).