II Халықаралық «Тұран» кинофестивалі: түркі әлемінің тоғысуы
II Халықаралық «Тұран» кинофестивалі түркі әлемінің кино саласындағы ынтымақтастығы мен мәдени байланыстары нығайта түсті

2025 жылдың 2-3 мамыр аралығында Түркияның Измир қаласында Еге университеті, Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігіне қарасты Кино істері бас дирекциясы жәнеТҮРКСОЙ-дың қолдауымен II Халықаралық «Тұран» кинофестивалі өтті. «Қызыл алма» тақырыбында өткен фестиваль түркі әлемінің кино өнеріндегі бай мұрасын және ортақ мәдени тамырын тағы бір мәрте айқындай түсті.
Сұлтан Раев: «Кино — ортақ мәдени мұрамызды келер ұрпаққа жеткізетін маңызды құрал»
Фестивальдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев кино өнерінің түркі халықтарының ортақ мәдениетін жас ұрпаққа жеткізудегі рөлін ерекше атап өтті.
«Бұл шара түркі киносының алуан түрлілігін көрсетіп қана қоймай, бірлігіміз бен бауырластығымызды күллі әлемге танытуға мүмкіндік берді. Фестивальдің өтуіне үлес қосқан барлық серіктес ұйымдарға алғыс білдіремін. Байқауға қатысқан барша өнерпаздарды шын жүректен құттықтаймын», – деді ол.
Бирол Гүвен: «Қазіргі дәуірде кинода мықты болмасаңыз, мемлекет ретінде де мықты бола алмайсыз»
Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі Кино істері бас дирекциясының жетекшісі Бирол Гүвен цифрлық заманда кино саласының стратегиялық маңызына тоқталып: «Қазіргі заманда кино саласында мықты болмасаңыз, қуатты мемлекет бола алмайсыз. Біз ұзақ жылдар бойы әлемдік мәдениет Голливуд арқылы бағытталып келеді деп есептедік. Бұл – үлкен мәселе. Егер біз өз құндылықтарымызды бейнелейтін фильмдерімізді ұсынбасақ, бұл – бір қақпада ғана өтетін матчқа айналады. Біз не өндіруші, не тұтынушы; не талқылаушы, не тыңдаушы боламыз. Біз көптеп өнім жасауымыз керек. Жаңа кинематографистерді тәрбиелеуіміз қажет. Бұл – заман талабы», – деді ол.
80 елден 1675 фильм ұсынылды
Фестивальге 80 елден 1675 фильм жіберіліп, бұл шара халықаралық алаңға айналды. Атап айтқанда, Түркиядан – 324, Әзербайжаннан – 32, Қырғызстаннан – 7, Қазақстаннан – 17, Өзбекстаннан – 13, Түрікменстаннан – 10 фильм ұсынылды. Қазылар алқасының шешімімен үздік туындылар анықталды.
Жеңімпаздар анықталды
Фестиваль аясында әртүрлі номинациялар бойынша марапаттар табысталды:
- Түркия үздігі: «Postal 1974» фильмі – Гөкалп Ямен
- Түркия үздік деректі фильмі: «Baletler Köyü» – Фатих Дирен
- Әзербайжан үздігі: «Size Mektub Var» – Мезахир Хашимов
- Әзербайжан қазылар алқасының арнайы жүлдесі: «Nowruz» – Эртұран Неджажи Гол, «Breath» – Элмар Байрамов
- Қазақстан үздігі: «Regular People» – Ерсұлтан Төлеген
- Қырғызстан үздігі: «Connection» – Жандос Жолдошов
- Қырғызстан арнайы жүлде: «Letters From the Pamirs» – Жаңыл Жүсіпжан
- Өзбекстан үздігі: «Magtymguly Pyragy» – Музаффархон Еркинов
- Түрікменстан үздігі: «Kitap» – Хеким Аловов
- Халықаралық көркем фильм үздігі: «Happy Tape» – Аршия Зейнали (Иран)
Арнайы марапаттар табысталды
Фестиваль барысында бірқатар арнайы марапаттар да өз иесін тапты:
- Кино өнеріне қосқан үлесі үшін: Режиссер Семих Капланоғлу
- Мәдени алуандылыққа қосқан үлесі үшін: «Түркменелі» телеарнасының бас директоры Мехмет Ханифи Узунчам мен арна директоры Аталай Муратлы
- Жас дарын сыйлығы: Әзербайжандық әнші апалы-сіңлілі Інжі мен Көусар Курбан
- Еге университетінің 70 жылдық мерейтойлық сыйлығы: Әзербайжан елшілігінің кеңесшісі доцент доктор Нәжибе Нәсибова
- TҮРКСОЙ арнайы сыйлығы: Жаңыл Жүсіпжан
- Қоғамдық жауапкершілік сыйлығы: Режиссер Жан Улкай
- Медиа арнайы сыйлығы: Анадолы агенттігінің Измир аймақтық директоры Ахмет Жанер Байсал және TRT арнасының аймақтық директоры Мевлют Шахбаз
- Балалардың көзімен «Тұран» географиясы арнайы сыйлығы: «Rafadan Tayfa» мультфильмінің продюсері Исмаил Фидан
- Адамгершілік құндылықтарға қосқан үлесі үшін: TRT Belgesel арнасының «Су соғыстары» бағдарламасының продюсері Угур Вели мен жүргізушісі Чағлар Демиркап
- Институционалдық деңгейде адамгершілік құндылықтарға қосқан үлесі үшін: Түрік Ынтымақтастық және Үйлестіру агенттігі (TİKA)
- Мәдени мұра сыйлығы: Түркияның Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой
Фестиваль барысында Еге университетінің Мемлекеттік түрік музыкасы консерваториясының зейбек биі, Әзербайжанның «Сема» халық би ансамблінің попурриі, Қырғызстаннан «Көшпенділер» биі, Қазақстаннан «Сүйінбай сазы» фольклорлық би ұжымы және Өзбекстанның Наманган филармониясының өнерпаздары сахнаға шықты. Барлық қатысушы елдердің әртістері ректор профессор доктор Недждет Будактың бастамасымен «Анажұртым» әнін бірігіп шырқады.