Анталиядағы «Таза Қазақстан» акциясы достық көпірін орнатты
Анталияда Жамбыл Жабаев атындағы саябақты абаттандыру бойынша экологиялық акция өтті.
4 мамыр күні Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында, Қазақстан Республикасының Анталиядағы Бас консулдығы жергілікті отандастармен бірлесе отырып, Анталия қаласындағы көрнекті Жамбыл Жабаев атындағы саябақта ауқымды экологиялық акция ұйымдастырды. Бұл игі бастама аясында саябақ аумағы қоқыстан тазартылып, жаңа көшеттер отырғызылды.
Іс-шараға қатысушылар қаланы көгалдандыру мен қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосып, саябақ аумағын абаттандыру мен ағаш отырғызды. Қазақстан мен Түркия арасындағы достық пен ынтымақтастықтың символына айналған іс-шара Кепез ауданы муниципалитетінің қолдауымен ұйымдастырылды және екі маңызды мереке – Қазақстан халқының бірлігі күні мен Түркиядағы Еңбек және ынтымақ күні (Emek ve Dayanışma Günü) қарсаңында өткізілді.
Бұл бастама Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық науқаны аясында жүзеге асырылуда.
ҚР Бас консулы Қуат Канафеев өз сөзінде бір жыл бұрын, 2024 жылғы 1 мамырда Бас консулдықтың бастамасымен және қалалық муниципалитеттің қолдауымен Анталияда бірінші рет қалалық жағажайларды тазарту бойынша экологиялық акция өткенін баса айтты. Бүгінде бұл қазақстандықтарды, түрік достарын және табиғатты сақтауға ұмтылғандардың барлығын біріктіретін жақсы дәстүрге айналды.
Сонымен қатар қазақ дипломаты былтыр Қазақстаннан тыс жерде алғаш рет қазақ халқының ұлттық кодының ажырамас бөлігі – Домбыра ескерткіші ашылған Жамбыл Жабаев атындағы саябақтың тазалығын сақтау мен абаттандырудың ерекше маңызға ие екенін айтты.
Экологиялық сенбіліктен кейін жүзден астам белсенді қатысушы үшін мерекелік пикник ұйымдастырылды.