Спорт

Жаңаарқада бокстан Айбат Амановты еске алуға арналған турнир басталды

Турнир Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының батыры, III дәрежелі “Айбын” орденінің иегері Аманов Айбат Ерболұлын еске алуға арналған.

Жаңаарқа ауданының Модуль спорттық кешенінде бокстан жасөспірімдер арасында Айбат Амановты еске алуға арналған Ұлытау облысының III ашық облыстық турнирі басталды. 5-8 мамыр аралығында өтетін бұл дүбірлі додаға әр өңірден жас былғары қолғап шеберлері қатысып, өз шеберліктерін ортаға салмақ.

Аталған турнир – Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының батыры, III дәрежелі “Айбын” орденінің иегері Аманов Айбат Ерболұлын еске алуға арналған. Ел қорғауда ерлік көрсеткен, өшпес өнеге қалдырған батырдың есімі – жас ұрпаққа үлгі, ел жадында мәңгі. Осы жарыс арқылы ұйымдастырушылар оның ерлігін дәріптеп, есімін жас буын санасына сіңіруді көздейді.

Турнирдің басты мақсаты – салауатты өмір салтын ұлықтау, жасөспірімдер арасында боксты дамыту, патриоттық рухты ояту, батырды еске алып, тағзым ету. Бұл жарыс – жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, оларды отансүйгіштікке, ерлік пен табандылыққа тәрбиелеуге бағытталған рухани мәні зор шара.

TuraNews

Back to top button