
Түркия туризмі 2025 жылдың басында рекордтық көрсеткішке жетті. Бірінші тоқсанның жарияланған нәтижелері бұған дәлел болды, деп хабарлайды TuraNews.kz.
2025 жылдың 1 қаңтары мен 31 наурызы аралығында Түркияға 8,844 миллион шетелдік турист келді және туризмнен 9,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде табыс түсті. Бұл туралы Ыстанбұлда өткен баспасөз мәслихатында Түркияның мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой мәлімдеді.
Министр Ерсойдың айтуынша, бұл – елдің туризм саласындағы ең жоғары бірінші тоқсандық көрсеткіші.
«Біріккен Ұлттар Ұйымының туризм саласындағы мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылы Түркия әлем бойынша төртінші ең танымал туристік бағытқа айналды. Біз 2024 жылы 60 миллион турист қабылдауды жоспарлаған едік, алайда бұл көрсеткіш 62,2 миллионға жетіп, рекорд орнатты. 2025 жылдың соңына дейінгі мақсатымыз – 65 миллион турист қабылдау және 64 миллиард доллар табысқа қол жеткізу», – деді министр.
Оның айтуынша, 2025 жылдың алғашқы үш айында туризм табысы 5,6 пайызға артқан.
Аталған мерзім ішінде Түркияға 733 мың ирандық, 601 мың ресейлік, 572 мың неміс, 560 мың болгар және 304 мың британдық турист келген. Орташа есеппен, бұл туристер елде 11 түн бойы болып, күніне 98,90 АҚШ долларын жұмсаған.
Айта кетейік, Түркия Республикасының Статистика институтының мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылы Түркияға Қазақстаннан барлығы 863 мың турист барған.