Басты

«Көктем Жеңісі»: Өскеменде Ұлы Жеңіс қаһармандарына арналған жылжымалы концерт өтті

«Көктем Жеңісі»: Өскеменде Ұлы Жеңіс қаһармандарына арналған жылжымалы концерт өтті

Іс-шараның мақсаты – қаламыздың көшелеріне есімдері берілген батырлардың рухына тағзым ету, ұрпақтар сабақтастығын тірі байланыс, музыка және тарихи жады арқылы сақтау.

Іс-шараға шығармашылық ұжымдар, әртістер мен жастар ұйымдары қатысты.

Жылжымалы концерт аясында театрландырылған және музыкалық қойылымдар ұсынылып, соғыс жылдарындағы әндер мен патриоттық шығармалар орындалды, сондай-ақ гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Төрт сәнделген автокөліктен тұратын колонна қозғалысын Әлия Молдағұлова көшесінен бастады. Кейін Изғұтты Айтықов ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, колонна Владимир Мызы көшесіне беттеді. Онда қала тұрғындары мен жас қатысушылар колоннаны қарсы алды.

Сол жерде концерт өтті, ал мектеп оқушылары Владимир Мызының мемориалдық тақтасына гүл шоқтарын қойды.

Сағат 14:00-де колонна Арбатқа келіп жетті. Мұнда Сағадат Нұрмағамбетов, Қасым Қайсенов және Төлеген Тоқтаров көшелеріне арналған мерекелік шара өтті.

— Бүгін менің немереммен бірге осында келуім – бұл ата-бабаларымыздың, әкелеріміз бен ағаларымыздың еңбегі. Сол бір қиын-қыстау кезеңдерде өмірлерін қиып, ерлік көрсеткен батырларымыздың арқасында біз бүгінде бейбіт өмір сүрудеміз. Оларды есте сақтау және келер ұрпаққа жеткізу – біздің перзенттік борышымыз. Осындай іс-шараларға қатысу арқылы жастар тарихты ұмытпай, естелікке тағзым етеді. Өткенін ұмытқан халықтың болашағы жоқ деген сөз бекер айтылмаған, — деді қала тұрғыны Төлеген Нұриманұлы.

Шығыс Қазақстан облыстық оперетта театрының әртісі Сырым Маратбекұлының айтуынша, бұл концерттегі мақсат – жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, ел үшін еңбек еткен ата-бабаларға деген құрметті оятып, олардың ерлігін ұмытпау.

— Бұл күн – ата-бабаларымыздың бейбіт өмір үшін бастан өткерген ауыр күндерін еске алу күні. Сондықтан бүгінгі концертке қатысу – болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз бен міндетіміз, — деді Сырым Маратбекұлы.

Осы күні қала тұрғындары концерт тамашалап қана қоймай, Кеңес Одағының Батырларының есімдерін тағы бір мәрте еске алып, олардың ерлігін ұлықтады.

TuraNews

Back to top button